Ақша үшін өлтіріп кеткен, қарғаған, мүмкіндігі шектеулі адамды балағаттаған: такси жүргізушілеріне қатысты даулы оқиғалар

Ақша үшін өлтіріп кеткен, қарғаған, мүмкіндігі шектеулі адамды балағаттаған: такси жүргізушілеріне қатысты даулы оқиғалар
Фото: видеодан кадр

Кейінгі кезде такси жүргізушілеріне қатысты түрлі жантүршігерлік жайттар жиілеп кетті. Massaget.kz тілшісі көптің талқысына түскен осындай істерге шолу жасады.

Ер адам мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісін әбден балағаттаған

Жуырда әлеуметтік желіде ер адам такси жүргізушісін балағаттаған видео тарады. Такси жүргізушісі мүмкіндігі шектеулі жан болып шықты. Кейінірек такси жүргізушісін балағаттаған жолаушы 15 тәулікке қамалатын болды. 

Жәбірленуші жүргізушінің сөзінше, сурдоаудармашының көмегімен жолаушы телефон қуаттағыш сымды талап еткен, содан кейін оны қорлап, балағат сөздер айтқан. Денсаулық жағдайына байланысты жүргізуші оның әдепсіз қылығына жауап қатпай, тек көлікті тоқтатқан. Нәтижесінде жолаушы құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу түрінде жаза тағайындалды.

40 мың теңге үшін такси жүргізушісін өлтірген

Алматы сотында "такси жүргізушісін өлтірді" деген айыппен кәмелетке толмаған екі жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды. 2023 жылғы жазда сотталушылар Г. және Х. Шымкент-Алматы бағыты бойынша такси шақыртқан. Кейін олар алдын ала сөз байласып, 40 мың теңге көлеміндегі жолақысын төлемеу үшін жүргізушіні өлтіргені анықталды.

Midjourney/Tengrinews

"Сотталушылар жүргізушіге пышақпен көп соққы жасап, сол жерде өлтіріп тастаған. Одан кейін сотталушылар жәбірленушінің көлігін ұрлап, 80 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткен", - деп жазылған сот мәліметінде.

Сотталушылар Г. және Х. қасақана адам өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айрылды.

"Такси жүргізушісін бауыздап тастады деген ақпарат тарады"

Орал тұрғындары арасында такси жүргізушісіне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған еді. Ер адамды белгісіз біреу бауыздап тастағаны айтылды.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Кейінірек Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қорқынышты хабарға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдері такси жүргізушісіне шабуыл жасалмағанын айтты.

"Полицейлер оқиғаға қатысушыларды анықтады. 10 ақпанда көлікте бірге ішімдік ішіп отырған кезде екі туыс арасында жанжал туындап, біреуі екіншісіне дене жарақатын салып, соның салдарынан денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді полиция.

"Каспиіңді айтшы, жалмауыз"

Әлеуметтік желіде такси жүргізушісімен сөзге келген әйелдің видеосы тарап кеткен еді.

"Сенің шатағың болмасын, түсіндің бе? Қалай беремін, өзім білемін. Таксисің бе такси болып жүр. Өз орныңды біл. Аяғыңды аспаннан келтіріп жіберемін ғой. Бағана қалай сөйлеп тұрдың? Еркек басыңмен... Мен саған 1090 шығып тұр дедім. Неге бес жүз қосасың? Айқайлаймын, өзім білемін", - дейді әйел видеода.

Видеодан кадр

Артынша TikTok желісінде әйелдің оқиға неге бұлай ушығып кеткенін түсіндіретін тағы бір видеосы тарады.

"Ол 21-і күні түскі 16.00 шамасында болған оқиға. Инстаграм арқылы тапсырыс беремін. Сол тапсырыс берген қыздарға WhatsApp желісі арқылы жазамын. "Қыздар, мекен жайым осындай, маған салып жіберіңдер, таксиді өзім төлеп, күтіп аламын" дедім. Қыздар "сіз өзіңіз бізге такси шақырып бересіз бе? Мекен жайымыз осындай. Менің есімім - Азиза. Менің нөмірімді тіркеп қойсаңыз" деді. Мен қарсылық білдірмедім. Сол қыздың нөмірін тіркедім. Эконом такси тарифімен шақырамын. Сол мекенжайға шақырып беремін. Такси жүргізушісі сол жерге барады. Ол кісі сол офистен затты алғаннан кейін менің мекен жайыма жарты сағаттан кейін келеді. Бірақ аулаға кірмейді, тасжол жаққа шығады. Ол кісі тасжол жақта, айдалада тұрады. Ауламнан таппаймын. Одан кейін Азиза деген қызға шығамын. "Қыздар, сіз ана кісіге хабарласып бересіз бе? Ауламның алдында жоқ. Қайда тұр, біліп беріңіз" дедім. Азиза біліп береді. Маған қайтадан хабарласады. Ол кісі тасжолда, қоқыс тастайтын жердің қасында тұр екен. Сол кісінің тұрған жеріне барамын. Есігін ашқаннан кейін "саламатсыз ба? Бағасы қанша болды?" деймін. Ол кісі "1590" дейді. Мен "күте тұрасыз ба, менің қосымшамда 1090 деп шыққан еді, көре салайын" деп телефонымды ашып көріп жатқан кезімде ол кісі "не тапсырыс беріп тұрсың?" деп маған айқайлап бастайды", - дейді видеодағы әйел.

Cондай-ақ, оның айтуынша, такси жүргізуші қол да көтерген, арандатқан.

"Сіз неге үстінен 500 теңге қосып жатсыз, мінекей 1090 деп тұр" деп көрсетемін. Ол кісі маған қарсылығын көрсетіп, "жоқ сен маған 1590 теңге қылып бересің, себебі сен зат тапсырыс беріп тұрсың. Неге сен жеткізу қызметі деп тапсырыс бермейсің" деп қарсылығын білдіреді. ..."Мына 200 беттік параққа бола ұрыспай-ақ қояйық, еркексіз ғой, 1090 теңге тарифіңізді төлеймін. Өз жөніңізбен жүре беріңіз, маған затты беріңіз" дедім. Ол кісі маған затты берген жоқ. "Ей, сен, қатын" деп қоқан лоқы көрсете бастады. "Төлейсің" деп айғайлады", - деді ол.

Ер адам такси жүргізушісін "төңкеріліп кетсін" деп қарғаған

Кейін әлеуметтік желіде ер адам мен такси жүргізушісі сөзге келіспей қалған тағы бір видео тарады. Видеода ер адам көлік жүргізушісіне қарап, "Төңкеріліп кетсін. Аллаху акбар!" - дейді. Қоғам белсендісі Сәуле Бикитееваның сөзінше, оқиға Алматы облысы Талғар қаласында болған.

"Бұл видеоға дейін жүргізуші баратын жеріне дейін апармаймын деп, сөзге келіп қалады. Қандай жағдай болғанда, сабырлық болу керек. Сосын қарғауға болмайды, қайтып өзіңе келеді, ол жүз пайыз", - деп жазды ол.

Алайда оқиғаның толық мән-жайы беймәлім. Осы жайтқа қатысты Алматы облысы әкімдігі өкілдері де пікір білдірді.

"Кейбір дереккөздер жанжалға қатысушылардың бірін, яғни жолаушыны Гүлдала ауылындағы мешіттің имамы деп көрсеткен. Алайда Алматы облысының Дін істері басқармасы видеодағы жолаушы имам емес екенін және облыс аумағында діни қызметпен айналыспайтынын хабарлайды", - деп жазылған әкімдік жауабында.

Әкімдік мәліметінше, видеодағы адам - Талғар ауданының Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сауле Кужаевна Бикитеева (@saulebikiteeva)

Әйел такси жүргізушісін өзіне "тиісті" деп айыптаған

2023 жылғы 24 желтоқсанда Қостанай полициясына әйел хабарласып, үйдің жанында такси жүргізушісімен жанжалдасып қалғанын айтқан. Ал такси жүргізушісі осы сәтті видео түсіріп алған, кадрларда әйел полицияға қоңырау шалып, әуелі жанжалдың мәнін түсіндіруге тырысады, кейінірек байбалам салып, жүргізуші "оны құшақтап алғанын" айтады да, артынша есінен танып қалады.

Оқиға орнына барған медицина қызметкерлері әйелді тексеріп, көмек көрсеткен. Полицейлер такси жүргізушісінің әрекетінен ешқандай құқықбұзушылық көрмеген. Кейінірек жанжал такси жүргізушісі әйел нақты тұрған жерге емес, мобильді қосымшада көрсетілген мекенжайға келуіне байланысты шыққаны белгілі болды.

Қостанай облысының Полиция департаменті такси жүргізушісін "тиісті" деп айыптаған әйелдің қандай жазаға тартылғанын айтты. Полицейлер әйелдің арнаулы қызметті жалған сөйлеп шақырғаны үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Бұл үшін оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл сомасы - 110 760 теңге.

 Жолақысын төлемей, "ағам Ішкі істер департаментінде жұмыс істейді" деген

Ал Қарағанды ​​тұрғыны таксистке әдепсіз сөз айтып, масқара болды. Оқиғаны такси жүргізушісі видеоға түсіріп алған. Видеода жолаушы жүргізушімен жанжалдасып, оған балағат сөздер айтып, кейін "маған бәрібір, менің ағам ішкі істер департаментінде жұмыс істейді" деп жауап береді.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал 14 қаңтарда болған. Полицейлер 32 жастағы қарағандылық әйелді тауып, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.

"Әңгімелесу барысында әйел полициямен ешқандай туыстық қатынасы жоқ екенін және жүргізушіні қорқыту үшін осылай айтқанын мойындады, - деді ведомство өкілдері.

Екі адам такси жүргізушісін күшпен ұстаған

Алматыда екі адам такси жүргізушісін күштеп ұстап, оның інісінен 500 мың теңге талап еткен. Сағат 22.00-де Алматы тұрғыны 102 пультіне қоңырау шалып, бейтаныс біреулер оның такси қызметімен айналысатын ағасын күштеп ұстап отырғанын және туыстарынан 500 мың теңге талап етіп жатқанын айтқан.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Жедел кезекшілерге Chevrolet автокөлігі туралы анықтама берілген. Бұл көлікті "Буран-307" патрульдік экипажы Жұлдыз ықшамауданында тоқтатты. Көлік ішінде такси жүргізушісі - 2000 жылы туған М. және 35 пен 38 жастағы екі күдікті болған. Олардың бірі қашуға тырысты. Бірақ ол ұсталып, сыбайласымен бірге қамауға алынды. Екі айыпталушы да бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған", - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова