Ақша толы сөмке: Алматыда қара көзілдірік, бетперде тағып, күдік тудырған адам ұсталды

Алматыда полиция ірі алаяқтықтың алдын алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жедел іс-шаралар барысында "Киберпол" қызметкерлері қоғамдық орында күдік тудырған ер адамға назар аударған. Ол бетперде, қара көзілдірік тағып, сөмке асынып жүрген. Тексеріс кезінде оның сөмкесінен 27 миллион теңгеден аса қолма-қол ақша табылған.

Ол алаяқтарға ақша жеткізуші, яғни дроппер рөлін атқарған. Жедел уәкілдер бұл қаражатты күдіктіге бірнеше күн бойы "арнайы іс-шараға" қатысып жатырсың деп сендірген әйел адам бергенін анықтады. Әйелге бейтаныс адамдар қоңырау шалып, ешкімге тіс жармауды және ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап еткен.

Полиция қызметкерлері әйелдің үйіне барғанда, ол есік ашпаған. Алайда кейінірек оны банк бөлімшесінен кездестірген. Сол жерде жедел уәкілдер әйелдің алаяқтарға 4 миллион теңге шамасындағы қаражатты аударып үлгергенін анықтаған. Полицейлер мен банк қауіпсіздік қызметінің шұғыл әрекетінің арқасында бұл сома қайтарылған.

"Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!