Астаналық Арайлым Бақпаева үш жыл бұрын Айдана есімді келіншектен бала асырап алған. "Сен алмасаң, перзентханаға тастап кетемін" деген соң Арайлым баланы жетім етуге қимаған. Ол үш жасар Абайдың биологиялық анасын іздеп, "Көреміз" бағдарламасына келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Айданамен танысып, бірге тұрған.
"Ол менен "баланы дүниеге әкелген соң аласыз ба?" деп жиі сұрайтын. Тіпті, үйде отырып, таныстарыңын бәріне хабарласып, алуын өтінетін. Мен райынан қайтуға көндіргеніммен ештеңе шықпады. Айы-күні жеткенде "сіз алмасаңыз, перзентханаға тастап кетемін" деді. Өзім жетім өскендіктен, баланы жамандыққа қиғым келмеді. Сосын Айдана менің атымнан баланы дүниеге әкеліп, қазіргі таңда Абайдың тегіне өз тегім берілді. Ал Айдана дүниеге әкелген соң бірден кетіп қалды. Бала өскесін бәрібір ата-анасын сұрайды ғой. Мен баламның әкесін біліп, шешесін танып өскенін қалаймын. Ол қоғаммен араласса деймін. Жақында Айданамен сөйлестім. Жалпы, үнемі хабарласып, жазып тұрамын. Бірақ баласы туралы сұраған емес. Тек ақша керек кезде ғана жазады. Баласы туралы ештеңе айтпайды, сұрамайды", - деді ол.
Сондай-ақ, Арайлым Айдананың анасымен де хабарласқан.
"Айдананың анасына да айттым. "Үлкен кісісіз ғой, ана дүниені де ойлау керек" деп айттым. Бірақ олар көмектесе алмайтынын айтты", - деді ол.
Абайдың биологиялық анасы Айдана 2020 жылы Астанадағы кафелердің бірінде жұмыс істеген.
"Өз баламды өзім-ақ қарайтын едім. Арай қолқа салған соң ғана бердім.Бұл нәрсені айтқым келіп тұрған жоқ. Ол кісіні де қаралағым келмейді. Менің арқама келіп, пышақ сұғып жатыр. Оның әкесінің нөмірін Арайға бердім. Керек болса, өзі сөйлесу керек. Қазір әкесімен хабарласа алмаймын. Оның өмірін құртқым келмейді", - деді ол.
Бұған дейін Арайлым жертөледе тұрған еді. Бағдарламадан соң Арайлым "Мейірім мекені" қорының көмегімен арнайы орталыққа орналасты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!