- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Ақша керек“. “Меломен“...
“Ақша керек“. “Меломен“ тобының мүшелері жеке кәсіпке бет бұрғандарын айтты
"Меломен" тобының әртістері әншіліктен бөлек жеке кәсіпке бет бұрғандарын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Топ мүшелері шығармашылықтан бөлек, киім дүкендерін ашып, саудаға көңіл бөле бастағандарын айтты.
"Жеке кәсіпке көшкеніміздің көп себебі бар. Біріншіден, ақша керек, отбасын асырау керек. Екіншіден, саудада береке бар дейді. Берекелі іс болған соң қазір осымен айналысып жатырмыз. Өзіме киіну стилі бұрыннан қызық. Баяғыда секонд хендтен (пайдаланылған киім – ред.) еуропалық стильдегі киімдерді таңдап, ыңғайлап тігіп, ерекше етіп киініп алатынмын. Солай жүріп, өзімнің дүкенімді неге ашпасқа деген шешімге келдім. Қазір кәсібімді дамыту үшін түрлі нәрселерді байқап көрсем бе деймін", – деді әнші Қайрат Мырзахан.
Одан бөлек, топ мүшесі Ролан Қазретов те өзінің киім дүкенін ашқанын айтты.
"Өнер біздің сүйікті ісіміз болғанмен де, басқа салаларды байқап көрейік десек, біз сондай көңілшек келеміз. Басқа бағыттарда өзімді елестете алмадым. Өнер саласының өзінде де әншіліктен бөлек мамандықтарды байқап көруге болар еді. Бірақ ондай жұмыстардан менің ішім пысып кетеді, әрі табиғатыма да келіңкіремейді. Сол үшін ең дұрыс жол – кәсіпті дөңгелету. Онда өз-өзіңе бастықсың. "Он ризықтың тоғызы саудада" деген сөз бар ғой. Осылайша, осы бағытқа бет бұрдым. Қазіргі таңда шоу-бизнестегі көп әртістер біздің киім дүкендерімізден киініп жүр", – деп жауап берді ол.
"Меломен" тобы – 2007 жылы құрылған эстрадалық топ. Құрамында қазіргі таңда 3 вокалист бар: Қайрат Мырзахан, Ролан Қазретов, Ғабит Әбілдаев. Бұған дейін әнші Жігер Аупбаев топ құрамында болған еді. Ол 2017 жылы жеке әншілікке кеткен болатын.
Шығармашылық топ еліміздің музыка өнерін халықаралық сахналарда бірнеше рет көрсетіп, республикалық байқауларда сәтті өнер көрсеткен еді. "Меломен" тобы халықаралық "Шабыт" байқауының (2008), республикалық "Абай әлемі" байқауының (2009), "Жас қанат" республикалық музыкалық байқауының лауреаттары.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин