Атырауда блогер қорқытқаны және ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау қаласының №2 сотында блогерге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Жергілікті блогер супермаркеттің сөрелерінен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тауып, кейін қызметкерге полиция шақырып, арыз жазатынын айтып қорқытып, 2 миллион теңге талап еткен.
Полиция келген соң блогер жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату және тауарларда мемлекеттік тілде мәліметтер болмағаны туралы арыз жазған. Мұнымен тоқтамаған блогер өтінішті қайтарып алу үшін 39 824 теңгеге азық-түлік алған.
Бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау мақсатында Атырау қаласының №2 сотына келіп, прокурорларға арналған бөлмеге кіріп, ішінде қызметтік киім тұрған шкафты ашып, прокурорлардың бірінің қалтасынан 20 мың теңгені ұрлаған.
Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен және тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен өз дәлелін тапты.
Сот үкімімен блогерге ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы және 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 58-бабының негізінде 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ірі супермаркет желісінен 50 миллион теңге бопсалады деп айыпталған блогерлерді ақтаған алқабилер сотының шешімін жойды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!