Алматыдағы "Алтын Орда" базарының саудагерлері бақылаушының әрекетіне наразылық танытты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Белгіленген тарифтің үстінен тағы төлем жасап отырған саудагерлер бұдан артық шыдай алмайтындарын айтып отыр. Телеарна мәліметінше, базардың бақылаушысы әр үйдің асыраушысы болып отырған азаматтарды соққыға жығатынды шығарған.
"Маусым ауысқан сайын орын сатылады. Мысалы, бұрын 150 мың теңге еді. Осы күзден бастап 500 мың теңгеге өзгерді. Көкөністер сататын қатар да, киім сататындар да бір баға төлейді. Бермегенін полицияға қамап, өз айтқандарын істетіп отыр. Әр "КамАЗ" көлігіне 30 мың теңгеден бересің. Айтқандарын істемесең, елдің алдында соққыға жығады", - дейді саудагер Гүлнұр Ақанбаева.
"Жұмысқа кеше келдім. Таңертең бастықтар тұр екен. Алдына келген едім, мойнымнан қылқындырды, жанындағы адам келіп көзімнен ұрды. Ешқандай себеп жоқ. Қорқытады, ұрады, соғады", - дейді саудагер Үсен Өмір.
Мұндай жағдай жиі қайталанып тұрады екен.
"Заңсыз ақша жинап жүргені туралы ештеңе білмейміз. Егер кәсіпкерлер тарапынан шағым болса, құзырлы орган бар. Ол да заң алдында жауапқа тартылады", - дейді базар әкімшілігінің өкілі Ізбасар Утеулин.
Бәрінің заңды болуын талап еткен азаматтар бақылаушыға қатысты іс қозғалсын деп отыр. Оған қарсы жарияланған петицияға 50 адам қол қойыпты.
"Алтын Орданы" өздеріңіз білесіздер, сауда қызметкерлеріне жағдай жасалмаған. Салық төлеп отырмыз. Ешқандай жер сатылмасын. Әр кірген клиенттен ақша сұралмасын! Базардың берекесін қашырып жіберді. Сауда орнына кірген жүк және жеңіл көліктерден жеке ақша жинайды. Оған қоса арба сүйрейтіндерден де ақы алады", - дейді саудагер Алһар Айдаров.
Жаңа әкімшілік қызметке 4 ай бұрын кіріскен. Ал даудың басы болып жүрген бақылаушы 2 апта бұрын қызметке алыныпты.
"Кеше кәсіпкерлер бізге келіп шағымданды. Бұл жағдай бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Екі тарап та кінәлі деп есептейміз. Өйткені саудагер тарапынан да арандату болған. Қызметтік тексеру жүріп жатыр", - дейді базар әкімшілігінің өкілі Ізбасар Утеулин.
"Алтын Ордада" 5 мыңнан аса сауда орны бар. 50 мыңға жуық саудагер ісін дөңгелетіп отырған базар Алматы мен облысқа жіберілетін көкөністің 40, бөлшек сауданың 70 пайызын қамтиды. Демек, жыл сайын миллиардтаған теңге пайда түседі. Пайда артқан сайын базар айналасындағы дау-дамай бітер емес.
"Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады. Ұсталған М. заңнамада белгіленген тәртіппен УҰИ-ға қамаққа алынды", - дейді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!