“Ақша алатын лимит таусылып қалды“: Ұлттық банк азаматтарға ескерту жасады

“Ақша алатын лимит таусылып қалды“: Ұлттық банк азаматтарға ескерту жасады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ұлттық банк банк карталары арқылы жасалатын алаяқтық туралы ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Схема қалай жүзеге асады?

  • Қаскөйлер ашық дереккөзден (фишинг сайттар, қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстен) алынған азаматтардың жеке дерегін қолданып, қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиенттің атынан жүгінеді. Яғни олар банк картасы жоғалғанын айтып, жалған хабардың күшімен карта бұғатталуына себеп болады.
  • Кейін алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өзін банктің немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметі өкілі деп таныстырады. Осылайша "картаны бұғаттан шығарамыз" немесе "қауіпсіз шотқа ақша аударамыз" деген желеумен азаматтың шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін SMS код, интернет банкингке арналған құпиясөз, CVV/CVC код секілді деректі алуға тырысады. 
  • Сондай-ақ, банкомат маңын торуылдап жүретін қаскөйлер де кездеседі, олар "картам бұғатталып қалды", "картамды зақымдап алдым" немесе "ақша алатын лимит таусылды" деген түрлі сылтау сөздермен басқа бір адамның шотына ақша аударуға көмек сұрап, орнына қосымша ақшалай сыйақы уәде етеді. Мұндай аударымдар заңға қайшы әрекет саналып, дропперлік ретінде қабылдануы мүмкін. 

Азаматтарға құлаққағыс:

  • Төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми колл орталығына хабарласқан дұрыс.
  • Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан SMS хабарламада көрсетілген кодты сұрамайды және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейді.
  • Банк картасы мен оның дерегін ешкімге бермеу, бейтаныс адамға ақша аудармау керек, әркез қырағы жүру қажет.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget