АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген операциясы салдарынан кемінде 40 адам, оның ішінде әскери қызметкерлер де, бейбіт тұрғындар да қаза табуы мүмкін. Мұндай мәліметті Венесуэланың жоғары лауазымды шенеунігі мәлімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі УНИАН-ға сілтеме жасап.
Америкалық шенеуніктердің деректеріне сәйкес, Венесуэланың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жою үшін 150-ден аса ұшақ жіберілген. Одан кейін әскери тікұшақтар америкалық арнайы операциялар күштерін жеткізіп, олар жергілікті уақыт бойынша түнгі 2-де Мадуроның резиденциясына шабуыл жасаған болуы мүмкін.
Хабарламада Венесуэла президенті Николас Мадуро америкалық әскерилер Каракаста "жылдам әрі қуатты операция" жүргізіп, оны жұбайымен бірге қолға түсіргеннен кейін бірнеше сағат ішінде Нью-Йоркке жеткізілгені айтылады.
БАҚ мәліметінше, бұған дейінгі күні Венесуэлада америкалық әскерилердің бар екеніне қатысты ешқандай белгі байқалмаған.
Мән-жай
Сенбіде АҚШ Венесуэлаға қарсы операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны және оның жұбайын республиканың астанасы Каракаста ұстап әкеткен. Бүгін Мадуроның Бруклиндегі тергеу изоляторына жеткізілгені белгілі болды.
Венесуэла президентін тұтқындау туралы айта отырып, АҚШ президенті Дональд Трамп Монро доктринасын еске салды. Бұл доктрина Америка құрлығын өзге державалардың араласуына жабық аймақ деп жариялайды.
Сондай-ақ, Трамп "АҚШ-тың барлық жауына" Венесуэлада болғандай операция жасалуы мүмкін екенін айтып қорқытты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz