АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметінен кететінін айтты

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметінен кететінін айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм қызметін аяқтап, зейнетке шықпақ. Ол бес президент пен сегіз мемлекеттік хатшымен бірге қызмет істеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дэниел Розенблюм 28 жылға жуық еңбек жолын тәмамдайтынын айтты. 

Ол Қазақстандағы миссия басшысы қызметін 2022 жылғы қарашадан бастады, ал қызметі 2025 жылы 20 қаңтарда аяқталады.

"Қазақстанда АҚШ елшісі болу - мен үшін өмірімдегі ең үлкен құрметтердің бірі. Мен Қазақстан халқымен жақынырақ танысып, елдің барлық өңірін аралап, оның ерекше тарихы жайлы көп нәрсе білгеніме қуаныштымын", - деді елші Розенблюм.

Жаңа елші тағайындалғанға дейін миссия басшысының қызметін оның орынбасары Дебора Робинсон және Алматыдағы АҚШ бас консулы Мишель Еркин атқарады.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм "өзіміз отырып, шай ішейік" деген танымал сөзді айтып, әлеуметтік желіні тәнті еткен еді. 

Айта кетейік, Дэниел Розенблюм 2022 жылы 28 қазанда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ретінде ант берген. Ол бұған дейін Өзбекстандағы АҚШ елшісі (2019-2022) және Мемлекеттік департаменттің Оңтүстік және Орталық Азия істері бюросында Орталық Азия бойынша хатшы көмекшісінің орынбасары қызметін атқарған (2014-2018).  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек