АҚШ-тың Иранға қарсы операциясы: Киев мәлімдеме жасады

Украина СІМ АҚШ-тың Иранға жасаған соққысына қатысты ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі УНИАН басылымына сілтеме жасап. 

Киев Вашингтонның әрекетін қолдап, Тегеранға эскалация үшін жауапкершілік жүктеді. Украина СІМ Иранның ядролық бағдарламасы Таяу Шығыс елдеріне де, басқа мемлекеттерге де ешқашан қауіп төндірмеуі үшін аяқталуы керек екенін мәлімдеді. Ведомство ұзақ жыл бойғы күш-жігердің нәтижесіз болғанын еске салды, ал Ақ үй көктемде Тегеранға салдары барын ескерткенін жеткізді.

"Иран режимінің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті бұзу жөніндегі ұзақ деструктив саясаты, соның ішінде Израильге, басқа да ұлттарға деген дұшпандығы оқиғалар қазіргідей дамуына әкеп соқты", - деп жазылған құжатта.

Мәлімдемеде Иран Украинаға қарсы соғыста Ресейдің серіктесі екені, Тегеран Мәскеуге адамдарды өлтіру және Украинаның маңызды инфрақұрылымын жою үшін жүйелі түрде қолданатын дрондар мен технологияларды жеткізетіні айтылады.

Украина СІМ Иран халқы Израильмен де, әлемнің барлық басқа халқымен де бейбіт, еркін және бақытты өмір сүруге лайық екенін жеткізді, ведомство мәліметінше, қазіргі режим соғысқа, террорға, өтірікке бағытталған.

"Тағы да Иран басшылығын Украинаға қарсы соғыста Мәскеуге көмек көрсетуін тоқтатуға шақырамыз", - деп жазылған хабарламада.

22 маусымға қараған түні АҚШ Иранға қарсы операция жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әуе күштері Фордо, Натанзе және Исфаханның ядролық қондырғыларына соққы жасағанын хабарлады. Пентагон басшысы Пит Хегсет Иранның ядролық бағдарламасы жойылғанын мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!