Тараздық Дархан Сәрсенов бүгінде АҚШ-тың Филадельфия қаласында тұрып жатыр. Ол мұхит асып, спорттық мүмкіндіктерін жетілдіріп, жаттықтырушы да болып жүр. Massaget.kz тілшісі отандасымызбен сұхбаттасты.
Дархан АҚШ-та спортпен айналысып қана қоймай, жаттықтыру ісін де қолға алған.
"Әзірге ресми жаттықтырушы емеспін. Құжаттар дайындап жатырмын. АҚШ-қа былтыр желтоқсанда келдім. Бұл елді таңдау себебім - АҚШ-та қай сала болмасын, оның ішінде, спорт та жақсы дамыған. Өзімнің шамамды арттырып, тіл жағынан болсын өзімді дамытуды шештім. АҚШ-та мүмкіндіктер де көп", - дейді Дархан.
Дархан спортқа бала күнінен жақын. Бұған дейін ол спорттың бірнеше түрімен айналысқан.
"Бірақ кейінірек нақты тоқталғаным - қол күресі, кроссфит, street workout бағыттарына тоқталып, солармен айналысамын. Азды-көпті жарыстарға қатысып, түрлі жетістікке жеттім. Жалпы, АҚШ дайындық мектебі жағынан қатты дамыған деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндік жағынан, спортшыға жасалатын жағдай тұрғысынан алда. Қазақстандағы мектептен дайындалып келіп, дайын тәжірибе мен осы елдегі мүмкіндіктерді қоссақ, үлкен жетістіктерге жетуге болады. Сол оймен келдім", - деп есептейді қазақстандық.
Бүгінде Дархан жергілікті қазақстандық жігіттермен бірге серфингпен де айналысып жүр.
"Әзірге енді бастап жатырмын. Кәсіби түрде айналысып жүрген қазақ жігіттермен бірге жаттығамыз. Бұл елде серфингпен айналысуға бар жағдай жасалған - жағажайлар ыңғайлы, Атлант мұхитының толқындары керемет, судың температурасы жақсы. Серфингпен айналыса бастаған себебім бала кезден белсенді демалысты жаным сүйеді. Тауға шығу, бассейнге шомылу, парашютпен секіру секілді демалыстарды жақсы көремін. Соның ішінде серфингті де теледидардан көріп, қызығатынмын. Бірақ Қазақстанда онымен айналысуға мүмкіндік жоқ. АҚШ-қа келгелі сол қызығушылығымды да қолға алдым, бәлкім осы салада да жетістіктерге жетермін", - дейді Дархан.
Дархан спортқа қатысты түрлі қиындық кез келген уақытта болып тұратынын айтады. Бірақ ол, әрине, ауыз толтырып айтатын қиындық емес.
"Бірде жарыс болатынын естіп келген едім. Шетелден қатысушы мен ғана болдым. Қалғаны жергілікті, қара нәсілді жігіттер болды. Олар өте мықты. Мен оларды жеңе бастадым, бірақ олар тым көп болып, мен оларға ұнамай қалдым. Олар тырысқанымен сол бойы жеңе алмады", - дейді Дархан.
Ол АҚШ-тағы өмірдің артықшылығы да, кемшін тұстары да барын айтады.
"Бәрі жақсы, әрине. Тіл меңгеру, спорт, табыс жағынан да дамуға тырысып жатырмыз. Ұнамайтын тұсы - отбасыңды ештеңе де, ешкім де алмастыра алмайды. Ең қиыны - сол. Туған жерге де ештеңе жетпейді. Оны шет елде тұрып жатқандар түсінер. Елді сағынасың", - дейді ол.
Дархан АҚШ-та түпкілікті қалу ойында жоғын, Қазақстанға оралатынын айтады.
"АҚШ-та жоспарларымды орындап, елге қайту керек. Тараздағы спорт мектебінде қол күрестен аға жаттықтырушы болып жұмыс істегенмін. Елде жаттықтырушы болып жүрген кезде оқушыларым Әлем, Азия чемпионы болған. Сол секілді осы жақтан да спортшылар дайындап, елде жинаған тәжірибемді бөліскім келеді. Дулати атындағы университетте мұғалім болдым.
Айтып өткенімдей, АҚШ-та тәжірибе жинап, елге қайтқанда сол тәжірибемен жастарды үйретіп, бөлісу қажет. Алдағы 2-3 жылым АҚШ-пен байланысты болғанымен одан кейінгі өмірім Қазақстанмен байланысты болады. АҚШ-тың пайдалы тұсын алып, Қазақстанмен бөлісу қажет. Мақсаттарымның бірі - осы".
Отандасымыз АҚШ-та бірнеше жарысқа қатысып үлгерген. Оның ішінде жүлделі орындарды да иеленген.
"Пенсильвания штатында қол күрестен турнир өтіп, бірінші орын иеленген болатынмын. Бруклинде стритлифтингтен жарыста да бірінші орын алдым. Сонымен қатар, жақында Нью-Джерсиде кроссфит және стритлифтингтен өткен жарыста жүлделі орын иесі атандым. Әлі де дайындалып жатырмын. Жергілікті спорт ұйымдары мен ассоциациялармен байланысты үзбей жүрмін. Келесі жылы Арнольд Шварценеггердің үлкен турнирі болады. Ол жерге әлемнен адамдар келіп қатысады. Бұйырса сол жарыста Қазақстан туын көтерсем деген жоспар бар".
Дархан кейде Қазақстан туралы естімеген адамдар да кездесіп жататынын айтады.
"Головкин әлемге әйгілі болғанымен боксқа мүлде қызықпайтын адамдар бар. Димаш та танымал болғанымен әнге қызықпайтындар да болады. Азды-көпті мен арқылы Қазақстанды танып жататындар бар. Белгілі бір жеңіске жеткеннен кейін менің қайдан келгенімді сұрап қызығып жататындар болады. Аз болса да Қазақстанды танып жатыр. "Көп түкірсе - көл" демекші үлесімді аздап қосып жатырмын деп ойлаймын. Әрқайсымыз елімізді танытуға үлес қоссақ та жақсы ғой. Сол мақсатпен де жүрмін. Бұл жерде аға-көке деген жоқ. Біртіндеп келе жатырмыз. Қазақстанды, қазақтарды жақсы тұсынан көрсетуге тырысамыз", - дейді Дархан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!