АҚШ-тағы президенттік сайлауға бір-ақ күн қалды, сайлау науқаны қарқын алып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Al Jazeera агенттігіне сілтеме жасап.
Қазір демократия партиясының кандидаты Камала Харрис пен оның қарсыласы республикашыл партиядан Дональд Трамп "тербелмелі штаттарда" сапарда жүр. Атап айтқанда, жексенбіде Харрис Мичиганда, ал Трамп Солтүстік Каролина, Пенсильвания және Джорджияға барған. Олардың мақсаты - сайлау бойынша нақты шешім қабылдамаған сайлаушыларды өз жағына шығару екені түсінікті.
Сауалнама қорытындысы қандай?
Жақында New York Times/Siena сауалнамасы бойынша Трамп пен Харрис Пенсильванияда сайлаушылардың дауысы бойынша тең екені анықталған. Олардың әрқайсысы 48 пайыз дауыс жинады.
Сонымен қатар Fivethirtyeight ұлттық сауалнамасының мәліметінше, Харрис Трамптан 1 пайыз алда тұр.
538/ABC News
Айта кетейік, "тербелмелі штаттарда" бәсеке күшейіп келеді. Ондағы сауалнама бойынша Харрис пен Трамптың екеуінің көшбасшылығы кезек-кезек ауысып отырғанын байқауға болады. "Тербелмелі штаттарға" Пенсильвания, Солтүстік Каролина, Джорджия, Мичиган, Аризона, Висконсин және Невада кіреді.
FiveThirtyEight-тің күнделікті есебіне сәйкес, Харрис Мичиган мен Висконсин штатында Трамптан шамамен 0,8 және 0,6 ұпайға сәл ілгері келеді.
Сонымен қатар Трампқа да артығымен дауыс берген штаттар бар екен. Мысалы, Аризонада Трамп 2,5 ұпай артық дауыс жинаған. Ол сонымен бірге Солтүстік Каролина мен Джорджияда да шамамен 1,5 ұпайға, Невада штатында 0,9 ұпайға, Пенсильвания штатында 0,3 ұпайға алда тұр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!