Вашингтонда Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жылдық асы өтті. Бұл туралы АҚШ-тағы қазақ Сапарбек Нағашыбеков Facebook парақшасында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сапарбек Нағашыбековтің айтуынша, Kazakh American Association өкілдері Мұхтар Мағауинның қабіріне зиярат етіп, Құран бағыштады. Одан кейін жазушының ұлы Едігенің шаңырағына барып, асқа қатысқан.
Асқа жиналғандар Мұхтар Мағауинді еске алып, тағылымды, өнегелі әңгімелер айтылды. Мұхтар Мағауинді тек қазақтар емес, Түркі-Тұран әлемі, қырғыздар, орыстар, немістер де жоғары бағалап, зор құрметтейді екен.
"Мұхтар Мағауин бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнады. Ол 27 томдық еңбегін жазып, қазақтың бес ғасырлық тарихын рухани тұрғыда түгендеп берді. Болашақ ұрпақ атамыздың ұлы еңбегін әлі талай бағалайтыны сөзсіз. Қазақтың тарихында осыншама кітаптар жазған жазушы болмаған. Осы еңбектері үшін біз, қазақ халқы, Мұхтар Мағауинге қарыздармыз. Қазақтар атынан Мұхтар атамызға және Мағауиндер әулетіне шексіз алғысымды білдіремін. Вашингтонда біздің Ассоциация ұйымдастырған Наурыз мерекелері мен түрлі басқосуларға Мұхтар атамыз үнемі қатысып, батасын беріп, тағылымды әңгімелерімен рухымызды көтеріп отыратын. Ол - Вашингтондағы қазақтардың асқар тауы еді. Атамызды сағындық. Жатқан жері жарық, жаны жәннатта болсын. Мұхтар Мағауин атамыздың қабірін зират етеміз деген ағайын google карта мен осы жерге баруға болады", - деді Сапарбек Нағашыбеков.
Мағауин туралы
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол - тарихшы, жазушы, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық қызметте, 1988 жылы "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Шығармалары
Мұхтар Мағауиннің "Қобыз сарыны", "Көк мұнар", "Аласапыран", "Мен", "Жармақ", "Шыңғыс хан", т.с.с. шығармалары бар.
1984 жылы "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Еске салайық, бұған дейін халық жазушысы Мұхтар Мағауин 2025 жылғы қаңтарда 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz