11 қаңтарда АҚШ-тың Мэриленд штатында қазақ жазушысы Мұхтар Мағауинмен қоштасу рәсімі өтті. Жаназа Diyanet Center of America мешітінде оқылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
АҚШ-та Мұхтар Мағауинмен қоштасу рәсімі өтті. Бұл жайлы журналист Назира Байырбек өзінің инстаграм-парақшасында айтты.
Қоштасу рәсіміне жазушының отбасы, балалары мен немерелері, достары қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев, сол жақтағы консул Жүсіп Орынбай, Америкадағы қазақ қауымдастығының өкілдері, АҚШ-та оқып жатқан студенттер де бар.
Жазушы Вашингтон маңындағы Parklawn Memorial зиратына жерленді.
Еске салайық, 10 қаңтар күні Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол - тарихшы, жазушы, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық қызметте, 1988 жылы "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Мұхтар Мағауиннің "Қобыз сарыны", "Көк мұнар", "Аласапыран", "Мен", "Жармақ", "Шыңғыс хан", т.с.с. шығармалары бар.
1984 жылы "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!