АҚШ-тың иммиграция және кеден полициясы (ICE) Қазақстан тумасы деп көрсетілген, "терроризмге қатысы бар деп танылған немесе күдікке ілінген" Еламан Балтагерей қамауға алынғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Америкалық ведомство мәліметінше, Еламан Балтагерей 5 маусымда федералды құқық қорғау органдарының операциясы кезінде ұсталған.
ICE мәліметі бойынша 2025 жылғы жазда ер адам сот отырысына келмегеннен кейін иммиграциялық судья оны депортациялау туралы шешім шығарған.
"Еламан Балтагерей терроризмге қатысы бар деп танылған немесе күдікке ілінген тұлға ретінде ұсталды, оған депортациялау туралы түпкілікті шешім шыққан. Ол елден шығарылғанға дейін ICE қамауында болады", - деп жазылған хабарламада.
Ал, АҚШ Ішкі қауіпсіздік тергеу қызметінің (HSI Los Angeles) ресми бөлімшесі мәліметінше, Еламан Балтагерей Калифорния штатындағы Коммерс қаласында ұсталған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Қазір ведомство тексеріс жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
"Иә, Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар. Қазір тексеріс жүргізіліп, барлық мән-жай анықталып жатыр", - деді СІМ өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!