Қазақстандық еркін күрес шебері Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Ол 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жүлде үшін күреседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық балуан 1/8 финалда қазіргі әлем чемпионы, америкалық Люк Лилледальды 3:1 есебімен жеңіп, жарыстың басты сенсацияларының бірін жасады.
Ширек финалда Базарбаев француз балуаны Расул Гальбураевты 13:2 есебімен мерзімінен бұрын жеңсе, жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумені 5:0 есебімен ұтты.
Енді қазақстандық спортшы финалда Түркия өкілі Бекир Кесермен кездеседі. Бұл салмақтағы жүлделі орындар үшін белдесулер жергілікті уақыт бойынша бүгін кешке өтеді.
Айта кетейік, Мерей Базарбаев бұған дейін де әлем чемпионатының финалына шыққан. 2022 жылы ол U20 санатындағы әлем біріншілігінде күміс медаль иеленген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз