АҚШ-та білімін жетілдіріп жүрген қазақстандық өнертапқыш зағиптарға арналған брайль мобильді құрылғы жасап шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Cу жаңа құрылғы көзі көрмейтін азаматтардың сауатын арттырып, электрон мәтіндерді оқып, телефонмен мәтін теруге мүмкіндік береді. Калифорния штатындағы Стэнфорд университетінің магистратурасын таяуда тәмамдаған Әділ Жүсіпов жасап шыққан құрылғы - көзі әлсіз көретін және зағип жандар үшін таптырмас дүние. Өнертапқыш отандасымыздың бұл құрылғысы бұған дейінгі брайль тақталарына қарағанда әлдеқайда қолайлы әрі қолжетімді.
"Нарықтағы осындай дисплейлердің көлемі өте үлкен. Қолға ұстағанға ыңғайсыз және оның бағасы да 2 мың доллар шамасында. Мен оны барынша ыңғайлы, қалтаға сыйымды етіп жасадым. Құрылғы қалта телефонына магнит арқылы оңай жабысады, қолданушы оның көмегімен электрон мәтіндерді оқып, өңдеп, өзіне қажет құжаттарды толтырып, күнделікті әлеуметтік желілерден келетін хабарламаларға жауап бере алады", - деді Стэнфорд университетінің түлегі Әділ Жүсіпов.
Өнертапқышқа бұл идея "Астана хаб" технопаркінде жұмыс істеп жүрген кезінде келген. Елдегі зағип жандардың мәселесін зерделей келе жаһандық құрылғыларды сатып алуға әрбір мұқтаж азаматтың қалтасы көтермейтініне көзі жеткен ол АҚШ-тың білікті мамандарымен тәжірибе алмасып, құрылғының жаңа түрін ойлап табуға бел буған. Ал оның бағасы нарықта небәрі 200 доллар айналасында болмақ.
"Зағип жандар әлемнің кез келген елінде бар және бұл құрылғының өндірісін Қазақстанда ашса, өте керемет болатын еді", - деді қазақстандық.
Отандасымыздың айтуынша, әлемдегі зағип жандардың тек отыз пайызы жұмыс істеуге қабілетті, ал олардың ішінде сауаттыларының үлесі он пайыздан да аспайды екен. Қазіргі кезде АҚШ-тың BemyEyes компаниясы өнертапқыштың жаңа құрылғысына қызығушылық білдіріп, грант бөлген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!