АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 жеке бизнес-джеті апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы тоғыз адам да қаза тапты. Әуе апаты болған сәт видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Massaget.kz.
АҚШ көлік министрі Шон Даффи X әлеуметтік желісінде хабарлағандай, апат 1 қарашада жергілікті уақытпен шамамен сағат 12:50-де Палм-Бич округінде, Гринакрес қаласына жақын жерде болған. Бейнежазбадан ұшақтың асқан жылдамдықпен құлап, бірден алапат жалынға оранғанын байқауға болады.
Ұшақ Багам аралдарына бағыт алған
АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) мәліметінше, ұшақ Техас штатындағы Остин қаласынан ұшып шығып, Багам аралдарына бет алған. АҚШ көлік министрі Шон Даффи борттағы тоғыз адамның түгел қаза тапқанын растады. Ол болған оқиғаны жан түршігерлік қайғылы жағдай деп атады.
Ұшқыштар апат белгісін берген
Экипаждың әуе диспетчерлерімен жүргізген соңғы келіссөздерінің егжей-тегжейі де белгілі болды. Aviation International News мәліметінше, апат алдында ұшқыштар ұшақтың мұз басқаны, жауын-шашын мен қатты турбуленттілік туралы хабарлаған.
Экипаж биіктікті арттыруға рұқсат сұраған. Алайда көп ұзамай биіктіктің күрт төмендегенін және рұқсат етілген жылдамдықтың асып кеткенін мәлімдеген. Ұшқыштар апат белгісін беріп, диспетчерлерге жағдайдың өте күрделі екенін жеткізуге тырысқан.
Соңғы радиобайланыс кезінде экипаждың уақыты таусылып бара жатқаны туралы сөз айтылған.
Әуе апатының себептері әзірге анықталған жоқ. Тергеуді АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесі (NTSB) мен Федералдық авиация басқармасы жүргізіп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!