Қазақтар ағылшын тілін меңгеріп жатқанда, Қазақстанды танып, тіл үйренгісі келетін америкалықтар да көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Тіпті қазақша үйрететін еріктілер қатары артыпты. Әсел Күзеухан АҚШ-тың үш азаматына сабақ береді. Вашингтон тұрғыны Кирон Кэнноли орыс, поляк, неміс, түрік тілдерін біледі. Енді қазақша үйренсем деген талпынысы бар екен. Сол үшін екі досымен бірге Әсел Күзеуханның курсына аптасына бір рет келіп тұрады. Қазір Қ, Ү, Ө секілді дыбыстарға мән беріп жатыр екен.
"Мен қандайда да бір тілді үйреніп бастағанда, барынша асықпай меңгеруге тырысамын. Күнделікті уақыт бөліп отырсаң жеткілікті. Әрине, әдеби тілде сөйлеп кетпесем де, негізін білсем деймін. Бір тілді жаттап үйреніп, кейін ұмытып қалғым келмейді", - дейді Вашингтон қаласының тұрғыны Кирон Кэнноли.
Ресей мен Орталық Азиядағы саясаттану бойынша білім алған Кирон "келешекте Қазақстанға жолым түсе қалса, сол елдің тілінде сөйлеуім керек қой", - дейді.
Қазақ тілінен сабақ беретін Әсел Күзеухан да студенттердің құлшынысы жоғары болған сайын шабыты ашылатынын айтады. Әдістемені өзі құрастырады екен.
"Студенттерімнің талпынысы жақсы. Қазақ тілін үйренуге құштарлығы жоғары. Өте жақсы тәжірибе, жақсы сабақ болып жатыр", - дейді ол.
Әзірге Әсел аптасына бір рет жұмыстан кейін сабақ өткізеді.
"Оқыту курсы мол табыс әкелмесе де, қазақша сөйлесем деген азаматтарға көмектескім келді", - дейді Әсел.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз