Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев "АҚШ шекарасында орналасқан заңсыз мигранттарға арналған лагерьлерде қазақстандықтар бар ма?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс дәлізінде СІМ өкілі ведомствода АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтардың саны туралы ақпарат бар екенін мәлімдеді.
"Лагерьлерде Қазақстан азаматтары жоқ. Жақында ғана елшілігіміз осы елдің аумағында заңсыз жүрген азаматтарға қатысты шаралар жоспарланып отырғанын хабарлады. Статистикаға сүйенсек, қанша азамат заңсыз жүргені есімде жоқ, бірақ олардың барлығына ескерту жолданды", - деді Қонысбаев сәрсенбіде.
Ведомство өкілінің айтуынша, Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі және басқа да консулдық мекемелер АҚШ аумағында жүрген азаматтардың есебін үнемі жүргізіп отырады.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін мигранттарға қарсы рейдтер басталатыны хабарланды.
Алғашқы рейдтер Чикагода, кейін Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте, Денверде және Майамиде өтетіні айтылды. Бұрын қылмыс жасаған адамдарға ерекше назар аударылмақ. Бұған АҚШ иммиграциялық және кедендік бақылауының 200-ге жуық қызметкері қатысады.
Кейінірек АҚШ-тағы елшілік қазақстандықтарға ереже қатаңдағанын ескертті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!