АҚШ, Ресей және Украина өкілдері Сауд Арабиясына барды

АҚШ делегациясы 16 ақпанда Сауд Арабиясына Ресей өкілдерімен келіссөздер жүргізу үшін барған. Бұл туралы Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости басылымына сілтеме жасап.

"Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісімен бірге барамын. Президенттің тапсырмасы бойынша кездесулер өткіземіз, Ресей мен Украинаға қатысты жақсы жетістікке қол жеткіземіз деп үміттенеміз", - деді Уиткофф.

Ол Украина келіссөздерге қатыспайды дегенмен келіспейтінін мәлімдеді.

"Украина - келіссөздердің бір бөлігі", - деді Уиткофф және Трамптың Владимир Зеленскийге қоңырау шалғанын еске салды.

16 ақпанда Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко Facebook-те Украинаның үкіметтік делегациясы Сауд Арабиясында жұмыс істей бастағанын, Владимир Зеленский корольдікке сапарға дайындалып жатқанын хабарлады.

"Украина үкіметтік делегациясының Сауд Арабиясына жұмыс сапары жүзге жуық жергілікті кәсіпкермен кездесуден басталды. <...> Алдағы күндері сапарды дайындау үшін ондаған кездесу өткіземіз", - деп жазылған жазбада.

Оның айтуынша, Украина делегациясы энергетика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым саласындағы бастамаларды, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды талқылаған.

14 ақпанда Зеленский жақын күндері Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына және Түркияға баратынын мәлімдеген еді. 16 ақпанда Украина президенті әйелімен бірге БАӘ-ге барды.

"Коммерсант" газетінің мәліметіне сүйенсек, Ресей мен АҚШ-тың Украина бойынша келіссөздері 18 ақпанда Эр-Риядта өтеді. Басылым АҚШ өкілі ретінде Мемлекеттік департамент басшысы Марк Рубио, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысатынын жазды.

Washington Post мәліметінше, Зеленский мен оның кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Сауд Арабиясындағы Украина бойынша кездесуге қатысуды жоспарлап отырған жоқ.

"Зеленский де, оның бас көмекшісі Андрей Ермак та Сауд Арабиясындағы кездесуге қатысуды жоспарламайды", - деп жазды басылым.

CNN телеарнасы да Украина тарапы келіссөздерге қатыспайтынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та үш тарап Сауда Арабиясында кездесетіні туралы ақпарат тарады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, украиналықтар үшін бейбітшілік орнатудың жалғыз жолы осы болса, бұл қадамға баруға әзір. 

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдіріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екеніне назар аударды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!