АҚШ пен Әзербайжанда кәсіп ашқан қазақтар бизнесі туралы айтты

Шетелде кәсіп ашып, оны дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерді білесіз бе? Олар қандай қиындыққа тап болған? Неге шетел асып, сонда бизнес бастауды ұйғарған? Өзге елде кәсіп ашу қалай жүреді? Қандай құжаттар керек? Massaget.kz тілшісі АҚШ-та және Әзербайжанда кәсіп ашқан қазақстандықтармен сұхбаттасты. 

АҚШ 

Нұрзат Ниязғұл бұдан 10 жыл бұрын АҚШ-қа көшіп келген. Жарты жыл шамасында түрлі жұмыс істеп, кейін трак, яғни үлкен жүк көлігін айдауға бел буған. 4 жыл трак жүргізіп, өзіне трак сатып алған. Кейін тәжірибе жинап, 2018 жылы өз компаниясын ашқан. Ал 2020 жылға дейін өзі істеп, кейін бірнеше трак сатып алып, жүргізушілерді жұмысқа алған. 

Кейіпкердің жеке архивінен

Шетелде кәсіп ашу тәртібі қандай?

Кейіпкер АҚШ-та кәсіп ашу тәртібі қалай жүретінін айтып берді. 

"Кез келген кәсіп секілді алдымен LLC (Жауапкершілігі шектеулі қоғам - еск.) немесе Corporation ашылады. Кейін компанияға FEIN (federal employer identification number) алу керек, Қазақстанда бұл да БСН (Бизнес сәйкестендіру нөмері) дейді. Кейін МС және DOT нөмірлерін алу керек, ол сәйкесінше брокерлерден жүк алып, барлық штат арасында жүруге рұқсат береді. DOT нөмірі арқылы полицейлер компанияның қауіпсіздік көрсеткішін тексереді. Егер жүргізуші жол ережесін жиі бұзса, компанияның (safety score) көрсеткіші көтеріліп, көлік департаментінің офицері аудит жасап, айыппұл салуы мүмкін, аудит өтпесе, тіпті жауып тастауы мүмкін. Бірақ АҚШ капиталистік ел болғандықтан, кәсіп ашамын деген адамға әрқашан кешіріммен қарап, мүмкіндік береді. Негізі кәсіпті компания ашпай-ақ істей берсе болады, бірақ компания болса, біріншіден, шығынын есептеп, салықты азайтуға болады, екіншіден, АҚШ-та кез келген уақытта сотталып кетуің мүмкін. Ал кәсіп - соған қорғаныс. Сондықтан кез келген кәсіп бастау алдында LLC ашуға кеңес беремін", - дейді ол. 

Кәсіп бастап жатқанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

"Жалпы кәсіп бастау қиын емес, бірақ салаға байланысты өз қиындықтары бар. Ең бастысы, қала әкімшілігінен кәсіп ашуға рұқсат алу керек, одан бөлек, лицензия, сақтандыру бар. Осы сәтте америкалық бюрократияның барлық қызығын көресіз. Мысалы, екі ай бұрын досыммен Truck repair shop аштық, бұл - трактарды жөндеу орны. Бізде жергілікті әкімшіліктен, өртсөндірушілерден рұқсат алуға екі ай уақыт кетті. Себебі олар ғимараттың жағдайын, өрт сигнализациясын, электр системасын, қауіпті қалдықтар бар-жоғын тексереді. Олардың келіп тексергенінен жауабын күту ұзақ уақыт алады. Ал рұқсат алмай, бастап кетсеңіз, қомақты айыппұл алуыңыз мүмкін", - деді кәсіпкер.

"Пара деген нәрсе атымен жоқ"

Нұрзат Ниязғұл шетелде кәсіп ашудың артықшылығын атады. 

"Ең бастысы, кез келген адам иммиграциялық статусына қарамастан, кәсіп аша алады. Пара деген нәрсе атымен жоқ. Жаңа ашылып жатқан компанияларға штаттан неше түрлі гранттар беріледі. Мен бір кездері Иллинойс штатынан 10 мың доллар (4 миллион 980 мың теңге - еск.) алғанмын. Одан бөлек, Small business administration мемлекеттік агенттігі бар, аз пайызға несие алса болады, бірақ ол үшін кәсіп иесі кепілгер болады. Оның несие тарихы мен көрсеткіші жоғары болуы керек. SBA мемлекеттік агенттік болғанымен, қарапайым банктер сияқты жұмыс істейді, пайызы аз болғандықтан талаптары өте жоғары. Негізі АҚШ-та несие тарихы мен көрсеткіші көп әсер етеді, кейде қалтаңда 100 мың доллар болғанша, несие көрсеткішің 800-ден асса екен дейсің, себебі кез келген банкке есігің ашылады. Өз басым кәсіпке берілетін несиеге көзқарасым оң, қолдана білсең, әрине", - дейді кәсіпкер. 

"АҚШ - бизнес жұмағы"

Нұрзат Ниязғұл АҚШ-тағы бюрократия мен салық жүйесіндегі ерекшеліктер туралы айтты. 

"Салық жағына келсек, IRS заңдары өте қатал, әрине, салықты азайтуға болатын заңды жолдары бар. Бірақ Франклин "өлім мен салықтан басқа ештеңе анық емес" дегендей, уақытында қажет сомасын төлеп, тыныш ұйықтаған жөн. Біздің штаттың салықтары өте жоғары, бірақ Флорида, Невада сияқты штаттарда тек таза табыс салығы алынып, штат салығы алынбайды. АҚШ - бизнес жұмағы, оған ашық салық системасы және әділ сот жүйесі себеп", - деп түйіндеді кейіпкер. 

Бұл - мұхиттың ар жағындағы континентте ашылған кәсіп тарихы. Ал ТМД елдерінде кәсіп қалай жүреді? Бұл туралы таяуда Әзербайжанға көшкен Айнұр Сенбаева айтып берді. 

Әзербайжан

Алматылық кәсіпкер Нұржан Сәдуақасұлы биыл жазда отбасымен Әзербайжанға көшіп барды. Бірнеше жылдан бері қоғамдық тамақтану саласында еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыпты Нұржан мен Айнұр мұнда фастфуд кәсібін қолға алып, алғашқы нүктесін Абшерон ауданындағы Хырдалан деген шағын қалашықта ашты. Кәсіпкер неге таңдау Әзербайжанға түскенін айтты.

"Біз жыл бұрын жұбайым екеуміз Бакуге қыдырып келдік. Қай елге барсақ та, сол жердегі қоғамдық тамақтану, фастфуд, стритфуд қалай дамығанын бақылап жүру әдетке айналған. Мәселен, біздің елде, әсіресе Алматыда донер де, бургер де бар, барлық талғамға сай, қалтаға сай тағамды табуға болады. Бізде кез келген ұлт өкілі өз асханасын аша алады. Байқауымызша, Бакуде әр қадам сайын донер және өздерінің ұлттық асханасы. Сондай-ақ әлемдік ірі фастфуд желісі көп. Бірақ осындай ірі желілерге бәсекелес болатын, бағасы қолжетімді фастфуд жоқтың қасы. Сондықтан біз ойлана келе осы жақтан өз фастфуд дәмханамызды ашып көруге бел будық. Сөйтіп бала-шағамызбен көшіп келіп, пәтер жалдап, шағын дәмхананы жалға алдық. Солай бастап кеттік", - дейді Нұржан Сәдуақасұлы.

Мұнда кәсіп ашу үшін не істеу керек?

"Бакуде бірнеше отбасылық достарымыз бар, солардың көмегімен өзіміз ізденіп, кәсіпті бастадық. Ең алдымен кәсіп бастау үшін көші-қон қызметінен осы елде тұруға рұқсат алу керек. Құжаттарды рәсімдеу біраз уақыт алады. Миграциялық құжаттарды жеңіл рәсімдеу үшін және кәсіп ашуды тездетіп іске асыру мақсатында консалтингтік компанияға жүгіндік. Әзербайжанда тұруға бірінші рет өтініш берген азаматтарға бұл елде тұруға бір жылға ғана рұқсат беріледі. Біз 2 ай дегенде рұқсат алдық. Одан кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелдік. Біздегі жеке кәсіпкерлік (ЖК) мұнда VÖIN деп аталады. Әрине, әр елдің кәсіпкерлерге арналған өз шарттары мен заңдары бар. Кәсібімізді заңды түрде тіркеп, ай сайын табысымыздан 2 пайыз салық төлеп отырмыз. Егер табыс көлемі белгілі бір мөлшерден асса, ҚҚС (НДС) 18 пайыз төленеді. Салық төлеу жүйесінде Қазақстаннан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Мұнда да бәрі электрон үкімет арқылы жүзеге асырылады. Біздің ХҚКО мұнда Asan xidmet деп аталады. Кәсіпкерге мемлекеттік салық органы мен мобильді оператордан Аsan İmza деп аталатын арнайы нөмір беріледі. ASAN İmza - бұл SIM карта жеке куәлікпен бірге сертификаттарға құжат ретінде тіркеледі. ASAN imza арқылы жеке басыңызды растап, құжаттарға электрон түрде қол қоюға болады".

Шетелде кәсіп ашу үшін неге дайын болу керек?

"Жалпы кез келген елде кәсіп ашудың өз қиындықтары мен артықшылықтары болады. Біздің байқағанымыз, Әзербайжанда кәсіп ашқан шетелдік азамат көп емес. Өйткені миграциялық шарттары күрделілеу, кез келген елдің азаматына кәсіп ашуына рұқсат берілмейді. Оның үстіне сонау 2020 жылдан бері құрлық жолдары мен шекаралар жабық. Шетел азаматының есепшотында жергілікті ақшамен 50 мың манат (15 миллион теңге ) болуы шарт, кемінде 5 қызметкерді жұмысқа алуың керек деген секілді біраз шарттары бар. Біз тап болған тағы бір мәселе - сапалы азық-түлік. Негізінен тауық етімен жұмыс істейтін болғандықтан, мұнда жақсы тазаланған, сапалы ет жағынан қиналдық. Сондай-ақ фастфудқа арналған кейбір дәмдеуіштер табылмады. Тіпті кейбірін Қазақстаннан алдырдық", - дейді кәсіпкер.

Кейіпкердің айтуынша, бюрократия мұнда өршіп тұр. Салыстырмалы түрде Қазақстанда салық мәселесі де, жеке кәсіпкерлік ашу да айтарлықтай оңтайлы жолға түскен.

"Әзербайжанда кәсібін заңды түрде дөңгелетіп отырған адамға ешкім жөнсіз тиіспейді. Алайда бір байқағаным, жергілікті халық арасында салықтан жалтарып, жасырын кәсіп істеп жүрген адам көп. Олармен тілдескенде табыстарын ашық көрсетуден қорқатынын, кәсіптерін біреу алып қоятындай ұғым қалыптасқанын байқадық. Олар өз елінен қарағанда басқа елге барып кәсіп ашқанды жөн көреді. Әрине, мемлекет те кәсіпкерлерге қолдау білдіреді. Іс жүзінде қалай екенін білмеймін, бірақ айтуларынша, Қарабақта кәсіп ашқан адамға мемлекет тарапынан біраз көмек көрсетіледі екен. Алайда соғыс болып, бәрі қирап қалған жерде кәсіп ашуға көбі жүрексінеді", - дейді Нұржан мырза.

Нұржан мырза мен Айнұр ханым Әзербайжанда кәсіп ашудың артықшылығын да айтты.

"Көп тәжірибе жинайсың, біраз нәрсеге көзің ашылады. Адамдармен танысып, дос та, серіктес те таба аласың. Өзге елді өз еліңмен салыстырасың, өз жеріңнің қадірін біле түсесің. Біздің шетелдегі алғашқы кәсібімізге әлі нақты баға беруге ертерек, өйткені кәсіп бастағалы бір жыл да болған жоқ. Кез келген кәсіптің өз соқпағына түсіп, дөңгелеп кетуіне сабыр мен уақыт керек. Бірақ дегенмен айтарлықтай тәжірибе жинадық", - дейді олар.

Кәсіпкер бұған дейін немен айналысқан?

"2017-2018 жылы Қазақстанда жолдасым екеуміз қарапайым жұмысшыларға арналған асхана ашқанбыз. Жолдасымның 2 жоғары білімі бар - заңгер және ветеринар. Ол мемлекеттік қызметте, үлкен компанияларда басшылық қызметте істеген. Мен 17 жылдай қазақ баспасөзінде, газетте, сайттарда қызмет еттім. Кейін өз кәсібіміз болсын деген ниетпен кішігірім асхана алып, бастадық. Күнделікті қалааралық, халықаралық бағытта жүретін жүргізушілерге арналған автотұрақтың бір бөлмесін жалға алып, асхана ашып, өзіміз аспаз, өзіміз қарапайым жұмысшы ретінде еңбек еттік. Бірнеше жылдан кейін ол автотұрақты басқа біреулер сатып алып, оны қоймаға айналдырамыз деген соң, жұмысымыз тоқтады. Қоғамдық тамақтану саласында аздап тәжірибе жинап қалған соң фастфуд кәсібіне ауыстық. Сөйтіп Алматыда 6 нүктеміз ашылды", - дейді Айнұр ханым.

Отбасылық кәсіпкерлер Нұржан мырза мен Айнұр ханым келесі сауда нүктелерін Баку қаласының өзінен ашуды жоспарлап отыр. Алайда болашақта кәсіпті осында жалғастыру туралы әлі нақты шешім қабылдамаған.

Суреттер кейіпкерлердің жеке архивінен 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!