Сауда және интеграция министрлігі өкілі АҚШ-тың қосымша кеден бажын енгізу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
23 шілдеде АҚШ 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдады. Осылайша 24 шілдеден бастап Қазақстанда өндірілген кейбір тауарларға 12,5 пайыз мөлшерінде қосымша кеден бажы енгізіледі.
"Бұл шара АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізіміне енгізілген тауарларға қолданылмайды. Бұған дейін қолданылып келген 10 пайыз мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күн аяқталуына байланысты өз күшін жойды. Осыған байланысты бұрынғы үстеме жаңа кеден бажына қосылмайды", - деді министрлік өкілі.
Сауда және интеграция министрлігінің есебіне сүйенсек, Қазақстан АҚШ-қа экспорттайтын өнімдердің шамамен 95 пайызына қосымша баж салығы бұрынғыдай қолданылмайды.
"Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және өзара тиімді шешімге қол жеткізу мақсатында АҚШ тарапымен өзара іс-қимылды жалғастырып келеді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Америка Құрама Штаттары бірқатар елдің тауарына 12,5 пайыз мөлшерінде қосымша баж салығын енгізетіні хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!