АҚШ Қазақстаннан 49 жылға жалға жер алады: Сенат келісімді ратификациялады

АҚШ Қазақстаннан 49 жылға жалға жер алады: Сенат келісімді ратификациялады
Фото: depositphotos.com

Сенат Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Алматыда консулдық салу үшін АҚШ-қа жер телімін жалға беру туралы келісімді ратификациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Келісім талаптарына сәйкес АҚШ салықтар мен кедендік төлемдерден босатылады. Құрылыс, қызмет көрсету, жөндеу және коммуналдық қызметтер шығындарын өздері өтейді.

Консулдықтан бөлек бұл аумақта АҚШ Сауда министрлігінің, Есірткімен күрес агенттігінің және Коммерциялық қызметтің өкілдіктері де ашылады деп жоспарланған.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, жаңа консулдық Орталық Азиядағы ең ірі виза орталығы болады. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ, бизнес пен қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді.

Келісім ресми түрде бекітілгеннен кейін халықаралық әріптестердің сенімін нығайтып, АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға тиіс.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, қазіргі кезде Алматыда орналасқан АҚШ консулдығының қызметкерлері жаңа ғимарат салынғаннан кейін сол жерге көшеді.

"Қазір Алматыда екі ғимаратты жеке жалға алып отыр. Жаңа Бас консулдық салынған соң барлық қызметкер сол жерге көшеді. Штаттың кеңеюі туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ бұл толыққанды инфрақұрылымы бар ғимарат болатындықтан, белгілі бір деңгейде көбейтуі мүмкін. Бұл мәселені АҚШ тарапымен нақтылау керек", – деді ол Сенат дәлізінде.

Президент келісімді ратификациялап қол қойғаннан кейін әкімдік пен Бас консулдық қосымша келісім жасасады. Осыдан кейін жаңа ғимараттың құрылысы басталады. Рахметуллиннің айтуынша, бұл жобаны америкалық құрылыс компаниясы салады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда АҚШ консулдығы салынатыны хабарланды.  Жер телімінің ауданы – 70 593 шаршы метр, жалдау мерзімі – 49 жыл. Жалдау ақысы - 25,3 миллион АҚШ доллары және келісім енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде бірыңғай төлеммен төленеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget