АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттары Иранды әскери әрі экономикалық тұрғыдан "толық талқандады" деп мәлімдеп, Ормуз бұғазы арқылы мұнай алатын елдерді осы теңіз жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы АҚШ президенті 14 наурызда Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"АҚШ Иранды жеңіп, оны әскери, экономикалық және өзге де барлық бағытта толық талқандады. Алайда Ормуз бұғазы арқылы мұнай алатын әлем елдері бұл өткелдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Біз оларға көмек көрсетеміз" - деді ол.
Оның айтуынша, Вашингтон бұл елдермен іс-қимылды үйлестіріп, барлық шараның "жылдам, үйлесімді әрі тиімді" жүзеге асуын қамтамасыз етпек.
"Бұл іс әрдайым ортақ күш-жігердің нәтижесі болуға тиіс еді, енді дәл солай болады - мұның бәрі әлемді үйлесімге, қауіпсіздікке және мәңгілік бейбітшілікке бастайды", - деп қосты Ақ үй басшысы.
Бұған дейін бірнеше сағат бұрын Трамп АҚШ Иранның әскери әлеуетін 100 пайыз жойғанын мәлімдеген еді. Соған қарамастан, оның айтуынша, Тегеран әлі де "бір-екі дрон жіберуге, мина орнатуға немесе қысқа қашықтағы зымыранмен соққы жасауға" қабілетті.
Сондай-ақ, ол Қытай, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және осы жағдайдан зардап шегіп отырған басқа да елдер Ормуз бұғазы бұдан былай "толық әлсіреген" мемлекет тарапынан қауіп төндірмес үшін осы аймаққа кемелерін жіберуі мүмкін деген үмітін білдірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!