АҚШ Иран нысандарына тағы шабуыл жасады: Ормуз бұғазы жабылды

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазын бұғаттағаннан кейін Иран нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі жазбасында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұған жауап ретінде АҚШ Иранды ауыр зардап шегуге мәжбүр етіп отыр. Біз бұғаз арқылы еркін өтетін азаматтық теңізшілер мен коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсіретуді жалғастырамыз. Соққылар жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасымен жасалып жатыр", — деп мәлімдеді CENTCOM.

IRIB мемлекеттік телерадиокомпаниясының ақпаратынша, Иранның оңтүстігіндегі Ассалуйе, Конарек, Бендер-Аббас, Сирик және Чахбехар қалаларында, сондай-ақ, Кешм аралында жарылыстар болды.

Axios тілшісі Барак Равидтің мәліметінше, АҚШ Иранның радарларына, зымыран және дрон қоймаларына, сондай-ақ, ұшыру қондырғыларына соққы жасап жатыр.

"Америкалық шенеунік соққы нысандарының арасында әуе бақылау радиолокациялық станциялары, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының қоймалары, оларды ұшыру алаңдары, су бетіндегі жағдайды бақылау радиолокациялық станциялары және зениттік зымыран кешендері бар екенін айтты", — деп жазды журналист X әлеуметтік желісінде.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!