АҚШ Әскери-теңіз күштері өткен жексенбіде «Титаник» лайнерінің қалдықтарын көруге бара жатқан бортында 5 адам бар «Титан» батискафының жарылып кеткенін құпия құрылғы арқылы тіркеген. Бұл туралы АҚШ әскери-теңіз күштерінің жоғары лауазымды қызметкеріне сілтеме жасаған The Wall Street Journal хабарлады.
Газеттің хабарлауынша, АҚШ әскерилері сүңгуірмен байланыстың жоғалғаны туралы белгілі болғаннан кейін бірден оны "жаудың суасты қайықтарын анықтауға арналған құпия жүйе" арқылы іздеуге кіріскен. Бұл жүйенің атауы Америка Құрама Штаттарының "ұлттық қауіпсіздік себептеріне байланысты" жарияланбайды. Сүңгуір суға батқаннан кейін көп ұзамай америкалық жүйе бейсенбі күні батискаф сынықтары табылған жердің маңында жарылыс дыбысын тіркеген.
"АҚШ Әскери-теңіз күштері акустикалық деректерді талдап, байланыс үзілген кезде "Титан" тұрған жерге жақын маңдағы жарылысқа немесе жарылысқа ұқсас аномалияны анықтады", - деп хабарлады басылым.
Сол кезде әскерилер жазылған дыбыстың нақты неден туындағанын дәл айта алмаған. АҚШ Әскери-теңіз күштері өкілінің айтуынша, "ақпарат іздеу-құтқару операциясының басшысына жеткізілді".
Бейсенбі күні АҚШ жағалау күзеті іздестіру операциясы жүргізілген жерден бұрын табылған сынықтар Атлант мұхиты суларында жоғалып кеткен "Титанға" тиесілі екенін растады. Олардың талдауы батискафтың барлық жолаушылары қаза тапқанын көрсетті. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, құрылғы жарылу нәтижесінде қираған, яғни су қысымына шыдамаған.