АҚШ Cенаты Словениядағы Америка елшісі қызметіне Әсел Робертстің кандидатурасын бекітті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ақпарат 18 мамырда өткен дауыс беруден кейін Сенаттың сайтында жарияланды. Айта кетейік, ол - Америка Құрама Штаттары тарихында елші лауазымына бекітілген алғашқы этникалық қазақ.
Биыл ақпанда АҚШ Мемлекеттік департаменті Сенаттың Халықаралық қатынастар комитетіне арналған баяндама дайындады. Онда Әсел Робертстің Мемлекеттік департаменттің Протокол басқармасында аға кеңесші қызметін атқаратыны көрсетілген. Ол бұл басқармада 20 жылға жуық қызмет етіп, жұмыс барысында АҚШ-тың бірнеше құрлықтағы дипломатиялық миссияларымен өзара іс-қимылды сәтті үйлестіріп, көптеген шет мемлекеттің өкілдерімен келіссөз жүргізген.
Протокол басқармасында Әсел Робертс әртүрлі лауазымды атқарғаны, соның ішінде протокол басшысының міндетін атқарушы, басшының сапарлар жөніндегі көмекшісінің орынбасары және дипломатиялық мәселелер жөніндегі протокол қызметінің маманы болғаны көрсетілген. Сондай-ақ, ол Ақ үйде АҚШ вице-президенті аппаратында жұмыс істеген.
2020-2021 жылдардағы билікті өткізу кезеңінде протокол басшысының міндетін атқарудан бөлек, бес президенттік әкімшілікпен қызметтес болып, халықаралық саммиттер мен жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымдастыруға қатысқан.
Ол Джорджтаун университеті жанындағы Эдмунд Уолш атындағы Дипломатиялық қызмет мектебін бітіріп, халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар саласында бакалавр дәрежесін алған. Қазақ, ағылшын, орыс және жапон тілдерін меңгерген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова