АҚШ 50 елдің азаматтарына виза беру кезінде 20 мың долларға дейін кепіл төлем енгізеді

АҚШ 3 тамыздан бастап әлемнің 50 елінің азаматтарына тұрақты визалық кепіл талабын енгізеді. Бұл тізімге Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан да кірген. Енді бұл елдердің азаматтары виза алу кезінде 20 мың долларға дейін кепіл ақша төлеуге тиіс. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әңгіме іскерлік және туристік B-1/B-2 визалары туралы болып отыр. Кепіл сомасын әр өтініш бойынша консулдық қызметкер жеке белгілейді.

Сыртқы саясат ведомствосының хабарлауынша, виза иесі АҚШ аумағынан белгіленген мерзімде шықса, визаны пайдаланбаса немесе елге кіргізілмесе, кепіл ақша қайтарылады. Ал елде болу талаптарын бұзған жағдайда қаражат мемлекет есебінде қалады.

Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан бөлек, тізімге Алжир, Ангола, Бангладеш, Камбоджа, Орталық Африка Республикасы, Моңғолия, Непал, Никарагуа, Тунис, Уганда, Венесуэла, Зимбабве және Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Латын Америкасындағы өзге де мемлекеттер енген. Қазақстан бұл тізімге кірмеді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл елдердің азаматтары визалық тәртіпті жиі бұзғандықтан тізімге енгізілгенін түсіндірді. Визаны заңсыз пайдалану мен АҚШ-та рұқсат етілген мерзімнен артық қалу деректерін азайту үшін кепіл талабы енгізіліп отыр.

Бұған дейін визалық кепіл бағдарламасы сынақ ретінде қолданылып, өтініш берушілерге жағдайға қарай 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепіл белгіленетін. Енді ең төменгі 5 мың долларлық шек алынып, ең жоғары сома 20 мың долларға дейін ұлғайтылды.

Associated Press мәліметінше, 2024 жылы тізімге енген елдердің азаматтары АҚШ-та болу мерзімін шамамен 45,5 мың рет бұзған. Ал пилоттық жоба іске қосылған алғашқы 10 айда мұндай 50-ге жетпейтін жағдай тіркелген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз