“Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды“ - Тоқаев

Мемлекет басшысы "Орталық Азия – Қытай" форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.

"Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Бұл қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеясы таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн. Айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп бере аламыз. "Орталық Азия – Қытай" форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және экономикалық тыныс-тіршіліктің онлайн кеңістікке ойысуы киберқауіпсіздік мәселесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді деп санайды.

"Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды. Азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни "фейк" тарату құралы ретінде қолданылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструктив элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек", – деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!