- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақпарат министрлігі әзірлеген...
Ақпарат министрлігі әзірлеген заң жобасы депутаттарға ұнамай қалды
Бүгін Мәжілісте "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды. Алайда құжат депутаттарға ұнамай қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров айтуынша, заң жобасы халықтың ақпараттан хабардар болуын, мемлекеттік сектордың ашықтық деңгейін, белсенділігі мен есеп беруін арттыруды көздейді.
""Заң жобасын іске асыру бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етпейді. Құжат халықаралық сараптама ұйымдарының, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ, Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың қатысуымен әзірленді. Бұл тұрғыда тиісті мәселелерді шешу мақсатында ұсыныстар енгізілді.
Халықаралық ашықтық стандартын қолдану үшін ақпаратқа қол жеткізу туралы заң аясында, яғни жекелеген жағдайларды қоспағанда (мемлекеттік құпиялар), мемлекеттік органдардың барлық ақпаратын ашық деп айқындау ұсынылды. Бұл ретте мемлекеттік органдар ақпаратқа қол жеткізуді тек белгілі бір мерзімге және құжаттың бір бөлігіне шектеу қоюға құқылы болады", - деді министрдің орынбасары.
Данияр Қадыров құжат бойынша мемлекеттік органдар халыққа ресми ақпаратты өз бастамасымен жедел жеткізуге міндетті екенін жеткізді.
"Осы мақсатта мемлекеттік органдардың ақпаратты белсенді түрде таратуға қатысты жаңа міндеті, сондай-ақ, оның ұғымы мен іске асыру тетігі енгізіледі. Бірінші кезекте бұл білім беру, экология және денсаулық сақтау салаларына қатысты. Мүгедектігі бар адамдар үшін ақпаратты емін-еркін алу мәселелерін Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда жеке бап және қағидат түрінде бекіту ұсынылды", - деді вице-министр.
Оның айтуынша, депутаттардың белсенділігі және Парламент депутаттары бастамасымен әзірленетін заң жобаларының саны өскені байқалып отыр. Осыған байланысты депутаттық заң жобалары бойынша "Ашық НҚА" порталында жария талқылау жүргізу ұсынылды.
"Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратқа қол жеткізу саласында бақылау өкілеттіктері болмағандықтан, азаматтар мен БАҚ-тан келіп түсетін шағымдар бойынша ден қою шараларын қабылдау мүмкіндігі жоқ. Азаматтар бірден сотқа шағымдануға мәжбүр. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті құзырет бере отырып, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жауапкершілікті күшейту мен мемлекеттік бақылауды енгізу ұсынылды", - деді Данияр Қадыров.
Вице-министрдің пікірінше, ұсынылған түзетулер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын жүзеге асыруды жеңілдетеді.
Алайда депутат Абзал Құспан бұл пікірге келіспеді.
"Бұл заң жобасы Мәжілістің Заңнама, сот, құқықтық реформасы комитетінде үлкен сынға ұшыраған. Неге? Бұл әдеттегі заңдарға қарама-қайшы келсе, бір жөн. Бұл жерде Конституцияның нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, Конституциядағы 61-баптың 1-тармағында заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі деп анық көрсетілген. Ал мына заң жобасындағы 17-прим. 2-бабын алып қарайтын болсақ, онда депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу көзделген", - деді ол.
Депутат бұл заң жобасы Мемлекет басшысының саясатына қарсы екенін жеткізді.
"Құжат "Президенттің "Күшті президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет" деген формуласына негізделген бастамасына тікелей қайшы келіп отыр. Бұл бастамаға сәйкес Үкімет Парламенттің алдында есеп беруі керек болса, мұнда керісінше Парламент депутаттарын заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы", - деді Абзал Құспан.
Оның пікірін депутат Магеррам Магеррамов та қолдады.
"Күшті президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет" деген формула бар. Қазір сіз Парламентті есеп беретін органға айналдырғыз келіп тұр ма? Шын мәнінде, сіз депутаттардың емес, халықтың ерік-жігерін шектеп, бақылауға алуға тырысып жатқан сияқтысыз. Қазір Конституция сол күйінде. Тіпті сіз Конституцияны, Парламент, Мәжіліс туралы Конституциялық заңды, біздің ішкі регламентімізді, нормативтік актіні алып, бәрін теңестіргіңіз келеді. Бәрінің күшін жойып, Үкіметке ыңғайлы етіп жасағыңыз келеді. Бүгінде Парламенттің белсенділігі Үкіметті алаңдататыны анық. Бірақ қазір сіз депутаттардың қызметін бақылауға алғыңыз келеді. Менің ойымша, бұл жерде депутаттар бір ұстанымды ұстанады: заң жобасындағы бұл норма Парламентке өтпейді", - деді ол.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz