Синоптиктер ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақпанда республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы мен Жетісу облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарының тау және тау бөктеріндегі аудандарында норма шамасында болады деп күтіліп отыр.
"Ақпанда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында, Атырау облысында, Қостанай облысының солтүстік жартысында, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінің тау және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан жоғары болады деп болжанып отыр. Республиканың солтүстік жартысында жауын-шашын көбіне қар түрінде, оңтүстік жартысында жаңбыр, қар түрінде жауады. Тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді. Елдің солтүстік жартысында бұрқасын болады", - деп жазылған хабарламада.
Болжам бойынша ақпанның бірінші онкүндігінің басында Қазақстанның басым бөлігінде қар, бұрқасын, кезеңнің ортасында және соңында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Ақпанның басында оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында қатты қар жауады деп болжанып отыр. Сонымен қатар, тұман түсіп, көктайғақ болып, жел екпіні 15-28 м/с дейін жетеді.
Республиканың батысында ақпан айының басында, бірінші онкүндіктің ортасына қарай басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылайды, ал солтүстік жартысында -3+2°С дейін, оңтүстігінде +5+15°С дейін болады.
Еске салайық, бұған дейін ақпанда қазақстандықтар қанша күн демалатыны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!