Жылан жылы - мүшел есебінің алтыншы жылы, Ұлу жылынан соң, Жылқы жылынан бұрын келеді. Өткен ғасырдағы Жылан жылы 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989 жылдарға түскен. Ал жаңа ғасырда - 2001 және 2013 жылдары, енді Жылан 2025 жылға тұспа-тұс келіп тұр. Massaget.kz тілшісі әр жылдары Жылан жылы қандай оқиғалармен есте қалғанына шолу жасап көрді.
1905-1907 жылдары Ресейде бірінші орыс революциясы болды. Оның жаңғырығы Қазақстанға жетпей қоймады. Қазақтың жұмысшылары мен шаруалары да бас көтеріп шықты. Сөйтіп Верный, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Петропавл мен Семейде жұмысшылардың наразылық жиналыстары мен митингілері өтті. Ақмола облысы мен Далалық өлке орталығы Омбы қаласында да халық наразылық шеруіне шықты.
1917 жылғы Жылан жылы қазақ үшін маңызды - Ақпан төңкерісі болды. Ресей империясында патша үкіметі құлап, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатылды.
1929 жылы қазақ даласында шаруалар көтерілісі бұрқ етті. Көтерілісшілер кеңес және партия мекемелерін талқандап, кұжаттарды өртеді. Алайда көтерілісшілер нашар қаруланған, дұрыс ұйымдастырылмаған еді, салдарынан халық жеңіліске ұшырады. Тарихшы, ғалым Талас Омарбеков келтірген деректер бойынша 1929-1931 жылдары қазақ жерінде 372 көтеріліс болып, 5551 адам сотталып, 883 адам атылған.
1939 жылы 2 қыркүйекте Германия, Италия, Жапония дүниежүзіне үстемдік жасау үшін Екінші дүниежүзілік соғыс бастады. Ал 1941 жылы 22 маусымда басталған Ұлы Отан соғысы осы қақтығыстың шешуші майданы болып, Нацистік Германияның құлауының басты себебі ретінде тіркелді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан жеңіске жету үшін КСРО-ның басқа республикалары сияқты бар күшін салды. Біздің елден майданға 1 миллион 200 мыңнан астам сарбаз, 12 атқыш, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар жұмылдырылды.
Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар.
1965 жылы билікті Л.Брежнев басқарды, оның тұсында елде шаруашылық реформа жүргізілді. Кәсіпорындардың қызметін шамадан тыс реттеу жойылды, олардың экономикалық тәуелсіздігі кеңейтілді. Кәсіпорындарда жаңа техника енгізілді. Әрбір қызметкердің және жалпы кәсіпорынның материалдық қызығушылығына көп көңіл бөлінді. Алайда өндірілетін өнімнің бағасын мемлекет белгіледі. Совнархоздар жойылып, орталық өнеркәсіп министрліктері қалпына келтірілді. Қабылданған реформа кәсіпорындардың жұмысын, құрылыс пен көлікті жандандырды.
Сонымен қатар 1965 жылы Өзен кен орны өзінің алғашқы мұнайын берді. Өнеркәсіптің қарқынды дамуының арқасында Рудный, Шевченко секілді жаңа қалалар пайда болды. Теміржол жолдары қарқынды түрде салынды.
1989 жылғы Жылан жылы маусым айында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының жергілікті халқы бас көтерді. Бұл кикілжіңнің пайда болуына басқа республикалардан келіп жұмыс істейтіндердің жергілікті халықтың дәстүрлерімен, мүддесімен санаспай, дөрекілік көрсетуі себеп болды. Дүмпу жергілікті тұрғындар мен Кавказдан қоныс аударғандар арасындағы кикілжіңнен басталып, арты ауқымды қақтығысқа ұласты.
17 маусымда жағдай тіпті өршіп, қаладағы полицейлер "Макаров" пистолеттерімен қаруландырылды.
18 маусымда үкімет қосымша арнайы ішкі істер әскерін шақыруға мәжбүр болды. Жедел түрде 250 арнаулы үйретілген әскер, 193 ішкі істер қызметкерлері келіп жетті. Олар АК автоматымен, 1 КС карабинімен, пистолетпен, "Черемуха" гранаттарымен, қалқан, дулығалармен қаруланған еді. Сол күні кешке сағат 21:40-та Қазақ КСР-і Ішкі істер министрінің орынбасары қазақтарға қарсы оқ атуға бұйрық берді. Сөйтіп 46 "Черемуха", 400 әскери автомат, 26 пистолет оғы атылды. Халық ішінен жараланғандар болды, бірақ қайтпаған халық тас, темір таяқшалармен қаруланып, қарсы шабуылға шықты. Әскер кавказдықтарды қорғауына алып, қаладан шығарып әкетті. Қалада шұғыл түрде коменданттық сағат орнады.
Осы уақытта Жаңаөзендегі оқиғадан хабарлы Құлсары, Шетпе, Жетібай, Маңғыстау, Ералы жұмысшы кенттері мен Ақтау қаласында да бас көтеру болып жатты.
Шарасы таусылған үкімет Алматыдан жазушылар Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, академик З.Қабдоловты алдырып, халықпен сөйлесуге жіберді. Жағдай осыдан кейін ғана сабасына түсе бастады.
2001 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 10 жыл толды.
Осы жылы Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Астанаға келуі - әлемдік ауқымдағы оқиға болды. Елордадан "әлеуметтік қауіпті элементтер" шығарылып, Астанаға Қарағанды, Павлодар және Көкшетаудан мыңдаған полицей шақырылды. Кездесу барысында 2001 жылғы 23 қыркүйекте Назарбаев пен Рим Папасы Иоанн Павел II ынтымақтастықтың табысты дамуын атап өтті.
6-7 қыркүйекте Ақтауда Тәуелсіздіктің 10 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан жастарының Конгресі өтті.
2001 жылы "Қазақстан жастары" үкіметтік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты - жастардың қоғамның болашақ лайықты мүшелері ретінде дамуына ықпал ету.
Ертіс өзенінің үстіндегі аспалы көпір ашылды. Семейдегі жаңа көпір Жапон үкіметінің арқасында салынды, ел жобаға 157 миллион доллар несие бөлді. Көпірдің салтанатты ашылуы 2000 жылдың күзінде Елбасының қатысуымен өтті, алайда барлық жұмыс 2001 жылы ғана аяқталды.
2001 жылы өткізу қабілеті жылына 28 миллион тонна мұнайға жететін құбырдың бірінші кезегі пайдалануға берілді. Каспий құбыр консорциумының құбырына мұнай беру 2001 жылғы 26 наурызда басталды.
Деннис Тито - тарихтағы алғашқы ғарыштық турист. Ол ғарышқа саяхат жасау үшін 20 миллион доллар төледі. Экспедиция командирі Талғат Мұсабаев болды.
2013 жылғы қаңтарда Көкшетаудан Алматыға ұшқан Scat әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады. Рейстің барлық жолаушысы мен экипаж мүшелері қайтыс болды. Барлығы - 21 адам.
Сол жылы 23 мамырда Парламент Сенаты "ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының жобасын, сондай-ақ ілеспе түзетулер пакетін қабылдады. Құжатта әйелдердің зейнеткерлік жасын 10 жыл ішінде біртіндеп арттыру, зейнеткерлік жасын 6 айға ұлғайту ұсынылды. Заң жобасы сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) құруды көздеді, оның құрылтайшысы және акционері ҚР Үкіметі болады, ал зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. 21 маусымда президент "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңға қол қойды. 22 тамызда "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ) өз жұмысын бастады.
Маусымда Алматының қақ ортасында бензин тасығыш көлік үлкен жылдамдықпен ағашқа соғылып, содан кейін өртенді. Өрт жақын маңдағы тұрғын үйді, сондай-ақ онымен бірге тұрған бірнеше көлікті шарпыды. Төтенше жағдай салдарынан жанармай көлігінің жүргізушісі Александр Горюнов қаза тапты. Желтоқсанда Александр Горюнов қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Тамыздың басында Қазақстанда алғаш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті. Сайлауға жеті мыңға жуық кандидат қатысты, бірақ мәслихаттар аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдық округтерде, кенттер мен ауылдарда басшылық лауазымдарға ие болған ең лайықты 2 454 кандидатты анықтады.
31 тамызда Алматыдағы "Прайм плаза" СОО аумағында белгілі әнші Қайрат Нұртастың өнер көрсетуі кезінде жаппай тәртіпсіздік басталып, нәтижесінде 90 адам зардап шекті, оның сегізі ауруханаға жатқызылды.
Бір қызығы, бұл оқиға оңтүстік астананың ең жақсы қонақүйлерінің бірінде тойы өтіп жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтан Назарбаевтың үйлену тойы күні болған.
Қыркүйекте Алматыда тағы да ірі өрт шықты. Бұл жолы өрт "барахолка" аймағында орналасқан бірнеше базарды қамтыды. Өртсөндірушілер өртті бірнеше сағат бойы сөндіре алмады, ал қара түтін бағанасы қаланың кез келген жерінен көрінді. Өрттің ауданы 5400 шаршы метрге жетті.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 - Ұлу жылы әр жылдары қандай оқиғаларымен есте қалғаны жарияланған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!