Бүгін Ақордаға экскурсия жасаған балаларға Мемлекет басшысының атынан сыйлық пен ашықхат берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Хатта "Айналайын Альбина! Сені халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Өскелең ұрпақ - ел болашағы. Өрендеріміздің терең білім, өнегелі тәрбие алып, отаншыл әрі еңбекқор болып өсуі өте маңызды. Біз жастарға сенеміз. Саған зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев", - деп жазылған ашықхатта.
Әрбір тілек парағына Президенттің өзі қол қойған.
Еске салайық, бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен 70-ке жуық оқушыға "Ақорда" резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды. Олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.
Оқушылар резиденцияның бірінші қабатындағы Орталық салтанатты холл мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған "Салтанат" залын, түрлі жиындар өтетін "Шығыс", "Мрамор", "Алтын", "Доғал" және басқа да келіссөздер залдарын тамашалады, сондай-ақ кітапхананы аралап көрді. Бұдан бөлек, оқушылар еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректермен танысты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!