Ақордадағы бақ пен тазы мүсіні FCI басшысын таңғалдырды

Ақордадағы бақ пен тазы мүсіні FCI басшысын таңғалдырды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады. Халықаралық кинология федерациясының президенті Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, қазақ топырағына алғаш рет табаны тиіп отыр.

"Мен үшін Президент мырзамен кездесу – зор мәртебе. Емен-жарқын әрі достық рәуіште әңгімелестік. Мемлекет басшысына FCI мүшесі саналатын кинологиялық клубты қолдау қаншалық маңызды екенін айттым. Өйткені біздің федерация франшиза жүйесі ретінде жұмыс істейді. Яғни біз берген кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы 100 елде мойындалады. Қазақ тазысы туралы пікір алмастық. Екі жыл бұрын FCI осы ит тұқымын таныған еді", - деді Тамаш Яккель.

Сондай-ақ, ол былтыр Хельсинкиде өткен дүниежүзілік көрмеде төреші болғанын, сонда қазақы тазы тұқымын World winner (әлем чемпионы) атағына лайық деп тапқанын айтты.

"Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, өз шешімім дұрыс екеніне күмәнім жоқ. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті де тазы асырайды екен. Маған Ақорда ауласында орнатылған тазы мүсінін көрсетті. Әрбір асыл тұқымды ит, соның ішінде қазақтың тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады. Сондықтан тазы арқылы Қазақстанның дүниежүзілік кинология қоғамдастығында өзінің лайықты орнын тапқанына қуаныштымын. Президенттен отандық мамандарға қолдау көрсетуді өтіндім. Саясаткер немесе Мемлекет басшысының өзі сапаға көңіл бөлсе, түбінде оның игілігін бүкіл жұрт көреді. Осынау керемет елмен жақынырақ танысып, жақсы әсермен аттанамын деп үміттенемін. Алдағы жексенбіде халықаралық иттер көрмесінде төреші боламын. Бір мезетте 60 қазақ тазысын ешқашан көрмеппін. Сондықтан айрықша ықылас танытып отырмын", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget