Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген бельгиялықтар королі Филипп пен патшайым Матильданы ресми қарсы алу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәртебелі меймандардың құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Бельгияның Мемлекеттік Туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен король Филипп бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президенттік оркестр екі елдің әнұрандарын орындады.
Айта кетейік, 11-14 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен бельгиялықтар королі Филипп және патшайым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен король Филипп және патшайым Матильда "Қазақстан-Бельгия" іскерлік кеңесінің 4-отырысына және екі ел жоғары оқу орындары ректорлары форумына, сондай-ақ, басқа да іс-шараларға қатысады деп жоспарланып отыр.
Сапар қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар құжатқа қол қойылады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!