Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін айтты.
"Бізді ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар тығыз байланыстырады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ, біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл бағытта арамызда ешқандай күмәнді мәселе жоқ. Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан - Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл - жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Сіздің сапарыңыз аясында экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылады", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өтетін Тәжікстанның мәдениет күндеріне мықты дайындық керек екенін мәлімдеді.
"Кеше елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты бейресми әрі өзара сенімге негізделген жағдайда пікір алмастық. Ең бастысы, сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл - өте жақсы нәтиже. Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс. Біздің берік әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынасымыздың мызғымас негізі - тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар. Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері табысты өткізілді. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек", - деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Ақорда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қарсы алу рәсімінен суреттер жариялады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!