Ақмолалық тұрғындар дәріге қол жеткізе алмай өліп кетіп жатыр

Ақмолалық тұрғындар дәріге қол жеткізе алмай өліп кетіп жатыр
Фото: Автордан

Ақмола облысында химиялық терапия дәрі-дәрмегінің жетіспеушілігіне байланысты науқас адамдардың туған-туыстары дабыл қақты. Бірнеше айлар бойы химиялық препараттан ада қалған науқастар мен олардың туған-туыстары кінәлілердің заң алдында жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындар онкологиялық науқастардың дәрісі болмауы себепті бірде-бір дәрі қабылдамастан, өмірден озып кеткендердің де болғанын ашына жазуда.

"Менің әкем ауырды. Таусылмайтын кезектен үнемі қажып жүретін. Ақыры травматология бөлімінде қайтыс болды. Науқастанып қалған әкемді емдеуге ешқандай дәрігерден дәрі де, ешқандай көмек те ала алмадық. Ақша алғанымен еш нәтиже болмады. Соңы әкем диагноз қойылғаннан кейін үш айдан кейін бірде-бір химиялық препарат, бірде-бір тиісті дәрі алмастан көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасына да жаздым. Оған берген жауаптарында емделуші әкемнің медициналық қызметті "толық көлемде" алып жатқаны туралы жазылыпты. Алайда біз өзіміз травматологияға апарып берген найзадан басқа ол ештеңе де қабылдаған жоқ" - дейді Юлия есімді Көкшетау қаласының тұрғыны.

Тұрғындар 200 шақырымнан асатын жолды артқа тастап, ешқандай дәрі-дәрмек ала алмай құр қол қайтып кететін адамдардың да жиі болатынын айтады. Бірнеше айлар бойы химиялық препараттардың болмауынан науқастардың төсек тартып, мүлде ауруы асқынып кеткендер де болған. Бірақ тиісті құзырлы органдар ешқандай қарекет қылмапты.

"Қаланың көп тұрғыны сияқты химиялық препараттарды біз де ала алмай жүрміз. Күшті химиялық препараттар үнемі болмай қалады. Менің жұбайыма химиялық препараттар тағайындалған. Өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмекті үздіксіз ішіп тұруы керек. Сәуір айынан дәрі-дәрмек таусылып қалды. Дәрі бітуге бір апта қалғанда емханаға барған. Бірақ алдағы үш ай дәрі-дәрмек болмайтынын айтып, алдағы мамыр, маусым, шілде айларының бірінде бір-ақ түсетінін айтыпты. Тапсырыс беріп енді күтіп жатқанын айтыпты. Арада үш күннен кейін күйеуім төсектен тұра алмай, тіпті жүре де алмай қалды. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаздым. Олар шағымның қарастырылып жатқанын айтып жауап жазды. Осыдан кейін дәріханадан хабарласып келіп дәрі-дәрмекті алып кетуімізді сұрады. Дәріханаға барса басқа біреуге беріп қойғанын айтып құр қол тағы қайтарып жіберді. Одан кейін тағы шағымданып, арада бес күннен соң дәріханадан дәріні алдық. Таусылуға таяу қалғанда тағы барса дәрі әлі түспегенін осыған дейін бергені бұрын қалып қойған қорап екенін айтыпты. Содан тағы екі апта бойы дәрісіз төсек тартып кеше ғана дәрі алдық. Енді тағы дәрі болар-болмасын білмейтінін айтыпты. Міне, осындай жағдай", - дейді Ольга Салова есімді қала тұрғыны.

Әлеуметтік желіде мәселе көтергендердің бірінің айтуынша химиялық препараттарға жыл басында өтінім берілмей тек мамыр айында ғана берілген. Ал дәрі-дәрмек мүлде болмаған. Мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасына көтергенмен науқастардың көбейіп кетуіне байланысты дәрі-дәрмектің жетіспейтінін айтып түсіндіруден әрі аспапты. Ақмола облыстық көп бейінді ауруханасы жанындағы онкологиялық орталық та химиялық терапияға қажеттіліктің облыс аумағында көбеюінен дәрі жетіспеушілігі туындағанын айтады.

"Облыс аумағында онкологиялық аурудың ұлғаюына байланысты химиялық терапияға қажеттілік өсіп кетті. Қазіргі сәтте дәрі-дәрмекті жеткізуге қосымша өтінім берілді", - делінген Ақмола облыстық көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының ресми жауабында.


Дәрі-дәрмектің қашан қалпына келтіріліп, науқастардың қашан тұрақты химиялық препараттарды алатыны әзірге белгісіз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы