Ақмола облысы тұрғыны құрбысының атынан жасырын түрде 4 рет несие рәсімдеген. Полицейлер алаяқтық дерегі бойынша тергеуді бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл оқиға Бурабай ауданына қарасты ауыл тұрғынына қатысты болған. Балалық шақтағы құрбысына қаржылай көмек көрсеткісі келген тұрғын алаяқтық дерегінің құрбаны болған.
Жергілікті полиция бөліміне 26 қазанда өтініш түскен. 24 жастағы өтініш берушінің айғақтары бойынша, былтыр қарашада ол өзінің танысының өтінішімен несие рәсімдеп, оған қарызға ақша берген. Алайда бір жыл ішінде құрбысы жәбірленушінің мобильді қосымшасына еркін қол жеткізіп, жасырын түрде оның атынан тағы төрт несие алған. Осылайша, шығын көлемі 700 мың теңгеден асқан. Ақмола облысы тұрғынының өтініші бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі "Алаяқтық" бойынша соталды іс жүргізуді бастаған. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!