- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмолада үш бірдей...
Ақмолада үш бірдей ауыл бір аптадан бері байланыссыз қалды
Ақмола облысының Атбасар ауданына қарасты Есенгелді, Новомаринов, Сепе ауылдары бір аптадан астам уақыттан бері сыртқы әлеммен еш қатынассыз қалды. Атбасар-Сочинское тас жолын тағы да су шайып кеткен. Бірнеше жылдар бойы қайталанып келе жатса да жергілікті биліктің еш әрекет етпей отырғанына тұрғындар наразылықтарын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атбасар-Сочинское бағытындағы Қашқар өзені тұсындағы көпір құрылысының аяқталмауы себеп болған. Тұрғындардың айтуынша қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметімен оқыс жағдайлар болғанда көмек болар деп қойылған қайықтар да су тасқыны өңірдің басқа аймағына алып кеткен.
"Міне алты жылдан асты. Кашкарка өзені жылда су тасқыны кезінде жолымызды түгелдей басып қалады. Ешқайда шыға алмай отырмыз. Жол жоқ. Кашкарка көпіріне 600 миллион теңге қаражат бөлінген. Бірақ әлі салынып біткен жоқ. Қазір тіпті қойылған екі қайықты да алып кетті. Біреу-міреу соқыр ішек болып қалса, тіпті қатты ауырып қалса өліп кетуі де әбден мүмкін ғой. Былтыр тіпті біздің Есенгелді ауылының балалары қайықпен олимпиада тапсыруға қайықпен де барған еді. Бұл сұмдық қой. Жылда осы жағдай. Су кепкеннен кейін бәрі ұмытылады. Ешкімге ештеңе керегі жоқ", - дейді Есенгелді ауылының тұрғыны Нұрбай Жүсіпов.
Атбасар ауданының әкімдігі аталған жағдай жылда қайталанатынын мойындады. Сондай-ақ әкімдіктің мәліметінше ауданда жалпы саны 16 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр.
"29 наурызда Атбасар-Сочинское тас жолының 88 шақырымын еріген қар суынан жол үстін тұтастай су шайып кетті. Қазіргі уақытта Сепе, Новомариновка және Есенгелді ауылдарына қатынас үзілген. Дегенмен, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Аталған учаскеде төтенше жағдай қызметінің екі мотоқайығының кезекшілігі ұйымдастырылған. Тұрғындардан сіздерге жеткен ақпарат жалған. Қайықтарды ешкім алған жоқ. Төтенше жағдай қызметінің кезекші жасағы су тасқыны аяқталып, жолдардан су өткенше кезекшілікте болады", - дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Тағы да оқи отырыңыздар: Алқабилер деген кімдер?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz