Ақмолада полицейлер уланған жүргізушіні құтқарып қалды

Ақмола облысында полицейлер көміртегі тотығынан уланған жүргізушіні құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға 20 наурызда таңертең Астана - Петропавл автожолында болған. Сағат 07:00 шамасында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері Мейрамбек Мекеш пен Асанәлі Әлиханов капоттың астынан қалың түтін шыққан Газель көлігін байқайды.

Тәртіп сақшылары бірден көлікті тексеруге кіріскен. Алайда ішінде отырған адам жауап бермеген соң, инспекторлардың бірі бүйір терезені сындыруға мәжбүр болды. Көлік ішінде ес-түссіз жатқан жүргізуші анықталды.

Полицейлер азаматты дереу таза ауаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жедел жәрдем келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстап, кейін ең жақын емдеу мекемесіне шұғыл жеткізуге көмектесті.

Алдын ала мәлімет бойынша, 22 жастағы жүргізуші қозғалтқышы қосулы көлікте ұйықтап қалып, көміртегі тотығынан уланып қалған.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазір азаматтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция тұрғындарға автокөлікті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!