Ақмолада орман өртін тікұшақпен сөндіруге мәжбүр болды

Ақмолада орман өртін тікұшақпен сөндіруге мәжбүр болды
Фото: Автордан

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы "Бұқпа" орман шаруашылығында алапат орман өрті болып, тілсіз жауды тікұшақпен сөндіруге мәжбүр болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауа райының қатты ысуы өңірде өрт қаупін күшейте түскен. "Бұқпа" орман шаруашылығында болған алапат өрт алғашқыда құрғақ шөптің тұтанып кетуінен басталыпты. Кейін одан әрі қаулай жөнелген от орманға түсіп жасыл желектің біраз бөлігінің күлін көкке ұшырған. 
Төтенше жағдай қызметінің соңғы мәліметінше орман өртін сөндіруге жалпы саны 120 адам жұмылдырылған. 
Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың және төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың төрағалығымен штаб құрылып олар өрттің басы-қасында болған. Өртті сөндіруді төтенше жағдай министрі Юрий Ильин жедел штабта тезірек сөндіруді жеке бақылауға алғаны хабарланған. Ақмола облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, оқиға орнына жеке құрамындағы 115 сарбаз бен 9 техника бірлігі аттанған. 

"Жалпы ТЖД жеке құрамының 115 сарбазы мен қатар "ҚазӘуеҚұтқарудың" екі әскери күштері жұмылдырылып, шамамен 27 мәрте өртке су шашты", - дейді Нұрлан Атығаев. 


Облыс әкімі жасыл желекті ерекше бақылау қажеттігін атап өтті. 

"Халықты табиғатта мұқият болуға шақыру қажет. Өйткені Бурабай және Зеренді бағытында, Елорда маңы белдеуі де тұтастай жасыл желек. Көкшетаудың айналасында да туристер көп. Біз барлығын түгелдей ерекше бақылауға алуға тиіспіз", - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.  

Төтенше жағдай қызметі елді мекендерге қауіп төнбегенін атап өті. Қазіргі уақытта орман шаруашылығы және төтенше жағдай күш құрылымдары өрттің айналасын оқшаулау жұмыстарын жүргізуде. Ыстық ауа райына байланысты төтенше жағдай департаменті өңірде өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталғанын айтып отыр. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы