Ақмолада егін орағы тоқтап қалды: шаруалар шығынға белшесінен батты

Ақмолада егін орағы тоқтап қалды: шаруалар шығынға белшесінен батты
Фото: elements.envato.com

Ақмола облысында екі аптаға жуық толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егін орағы толықтай тоқтап қалған. Егіннің сапасы мен түсімі төмендеп кеткен шаруалар "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" мен несие беру ұйымдарынан алған несиелерінің мерзімін ұзартуды сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәліметінше, бүгінге дейін егін орағының небәрі 15 пайызын жинау мүмкін болған. Диқан қауымы толассыз жауған жаңбырдың салдарынан жұмысты толықтай тоқтатуға мәжбүр болды. Шаруалар қолайлы ауа райыны күтпесе, егіннің түсімінен мүлде айырыламыз деп қапаланып отыр. 

Жалпы облыста биыл 5 миллион гектардан аса алқапқа дән себілген. Алайда шаруалар тек 800 мың гектар егістік алқабын аяқтап үлгерген. Тіпті тәжірибелі шаруа Нұрлан Ахметов үшін де биылғы күзгі жиын-терім қиынға соққан. Бар егіні жаңбырдың астында қалған шаруа биыл астықтың мүлде аз болатынын айтады. 

"Егін түсімі гектарына небәрі 7-8 центнерден аспайды. Бірақ егін жауыннан кейін аз болғандықта, көп дегенде 5 центердің шамасында ғана өнім алмақпыз. Жиналған өнім құрғатылғаннан кейін тұқымға жарамай қалады. Оның үстіне, біздің өз күшімізбен астықты кептіретін мүмкіндігіміз жоқ. Кептіру құрылғысы кемінде 62 миллион теңге тұрады", - дейді шаруа қожалығының иесі Нұрлан Ахметов. 

Шаруалар егін орағын қайта бастау үшін егін алқабының күн астында біршама уақыт кебуі қажетін айтады. Бірақ синоптиктердің болжамы диқан қауымына аса қолайлы болмай тұр. 

Егін орағының тоқтап қалуы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жалғыз проблемасы емес. Ылғал сіңген астықты кептіру керек. Алайда қажет арнайы құрылғы шаруаның көбінде мүлде жоқ. Сондықтан шаруалар кептіргіш құрылғыны алатын жанармайына, болашақ алатын өніміне айырбастауға мәжбүр. Шаруалар мұндай шығынға батамыз деп ойламағанын айтады. Өйткені өңірде мұндай климаттық жағдай отыз жылдан бері болмаған. 

"Биыл осындай қолайсыз ауа райына байланысты біз астықты кептіруге қосымша жанармай бөлуін сұрап отырмыз. Қазір аудандардан ақпарат жинап, астықты кептіруге қанша қажет екенін сұрап жатырмыз. Былтыр 10 мың тонна жанармай бөлінген. Биыл диқан қауымы 20-30 мың тоннаға дейін сұраймыз", - дейді Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов. 

Егін орағына жергілікті шаруаларға 50 миллион теңге сомасында субсидия бөлінген. Мамандардың айтуынша, фермерлерге тағы 30 миллион теңге қосымша көмек қажет. Жергілікті билік "Азық түлік келісімшарт корпорациясы" мен несие беру ұйымдарын шаруалар алған несие мерзімін ұзартуды өтініп отыр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек