Ақмолада 200 миллионның балалар лагері 23 миллион теңгеге сатылып кеткен

Ақмола облысында құны 200 миллион теңгеден астам соманы құрайтын балалар лагерін ұйымдастыруға арналған демалыс аймағы бар-жоғы 23 миллион теңгеге сатылып кеткен. Бұл туралы экономика және бюджеттік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы кезінде мәлім болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен жиында Бұланды ауданының Купчановка селосындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бөлінген бюджет қаржысын қолдануға жүргізілген аудит қорытындылары айтылды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның айтуынша, аталған психоневрологиялық науқастарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде заңбұзушылықтар анықталып, ол бойынша шара қолданылған. Облыстық бюджеттің алғашқы жарты жылдығының орындалу қорытындысы бойынша сөз алған қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновтің дерегіне сенсек Целиноград, Қорғалжын, Ерейментау, Бурабай ауданы қаржыны толық игермеген болып шықты. 
Жиын барысында сөз алған мәслихат депутаты және экономика және бюджеттік жоспарлау жөніндегі комиссияның мүшесі құны 200 миллион теңге тұратын балалар лагеріне ұйымдастыруға арналған демалыс аймағын кімнің және не үшін сатып жібергені туралы түсініктеме беруді талап етті. Оның айтуынша, Тайтөбе ауылының аумағында орналасқан жақын арада Қосшы қаласының құрамына кірген бұрынғы балалар лагері аукциондық әдіспен бағасы төмендетіліп небары 23 миллион теңгеге сатылып кеткен. 
Бұл қоғам арасында әсіресе Тайтөбе және Қосшы қаласы тұрғындарының арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырған. Облыстың білім басқармасымен аталған лотты кері қайтару туралы шешім қабылданған. Алайда сатылым өтіп лотты ұтып алған қатысушы сотқа талап арыз берген. 
Жиын қорытындысы бойынша барлық тыңдалған үш есеп бойынша депутаттардың ұсыныстары енгізілген қаулы шығарылды. Облыстық мәслихат тиісті мемлекеттік органдарға Тайтөбе ауылындағы балалар лагерінің не үшін сатылып кеткенін анықтау үшін сұраныс жолдамақ. Аталған мәселенің қалай өрбуі редакцияның назарында болмақ. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!