Ақмола облысындағы жарылыс: мешіт өкілдері ресми мәлімдеме жасады

Ақмола облысындағы жарылыс: мешіт өкілдері ресми мәлімдеме жасады
Фото: Науан Хазрет мешітінің ресми өкілдерінен

Науан Хазрет мешітінің ресми өкілдері Ақмола облысындағы жарылыс мешітте болмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ақпарат көздеріндегі Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында орын алған оқиғаның мешітте болмағанын мәлімдейміз. Сабынды ауылында "Жақсыкелді" мешіті халыққа қызмет жасап тұр. Жарылыс болған ғимаратты жергілікті тұрғындар бұрын намазхана ретінде пайдаланған. Қазіргі уақытта намазхана ретінде де пайдаланбайды, себебі жаңа мешіт салынды.

Жаңа мешіт салынған соң ғимарат ас өткізетін орын ретінде пайдаланып келген. Қаза болған кісілердің отбасына қайғырып көңіл айтамыз. АллаТағала көркем сабыр бергей", - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бүгін Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы мешітте газ жарылып, үш адам қаза тапты

Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, газ-ауа қоспасы жарылып, кейін опырылған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар алты газ баллонын шығарды. Жалпы ғимаратта жеті газ баллоны болған.

Оқиға салдарынан 1978 жылы туған ер адам қайтыс болды. Үйінді астынан құтқарушылар 1983 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған баланың денесін тапты.

Артынша зардап шеккен адамдардың жағдайы белгілі болды. Жалпы 17 адам ауруханаға жеткізілген. Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның ішінде 14-і ересек адам, үшеуі бала. 

Зардап шеккен 7 адам жансақтау бөлімінде, тағы 7 адам Астана қаласындағы №1 қалалық аурухананың политравматология, эндопротездеу және комбустиология бөліміне орналастырылды. Алдын ала диагноз - әртүрлі дәрежедегі термиялық жалын күйік.

25-30 пайыз термиялық күйік алған үш бала Астанадағы №2 балалар ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина