- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысында заңнаманы...
Ақмола облысында заңнаманы бұзған қайырымдылық мекемесі таратылатын болды
Ақмола облысында заңнаманы бұзған қайырымдылық мекемесі таратылатын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақмола облысының МАЭС соты Көкшетау қаласы прокуратурасының К. қайырымдылық мекемесіне және Әділет департаментіне заңды тұлғаны тарату туралы талап-арызы бойынша азаматтық іс қарады.
Мекеме білім беру қызметін жүзеге асырады. Мекеменің мақсаты - оның жарғысына сәйкес дарынды студенттер мен оқушыларға білім мен тәрбие алуда қолдау көрсету.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Басқармасы мекемеге ҚР нормативтік-құқықтық актілерін сақтау бойынша тексеру жүргізді. Тексеру барысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кодекстері талаптарының, білім беру, тамақтану объектілеріне, дезинфекциялауға және басқаларға қойылатын талаптардың санитарлық ережелерінің бұзылуы анықталды.
Сондай-ақ білім беру саласындағы Сапаны қамтамасыз ету департаменті тексеру жүргізіп, мекемеде білікті педагогикалық құрам жоқ, тәрбие жұмысын жүргізу жоспары мен өткізілген іс-шараларды растайтын құжаттар, көрнекі-ақпараттық рәсімдеуі жоқ екендігі анықталды.
Кітапханада ғылыми-танымдық, оқу және әдістемелік әдебиет жоқ, бірақ оның орнына діни әдебиет рұқсатсыз сақталған. Штатта медициналық қызметкер және медициналық кабинетке лицензия жоқ.
2024 жылы мекеме өртке қарсы нормаларды, санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон заңнамаларын бұзғаны үшін үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар мекеме өз қызметін тиісті лицензиясыз жүзеге асырып келген.
Сот шешімімен прокуратураның мекемені тарату туралы талабы қанағаттандырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина