Ақмола облысында тұратын 57 жастағы шетелдік төрт келіден астам марихуана мен канабис тұқымдас өсімдіктерді сақтағаны үшін ұсталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылғы тамыз айының соңында Целиноград ауданының 57 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның үйін тінту барысында канабис тұқымдас өсімдігі бар алты қорап табылып, тәркіленді, гараж бен қорада соған ұқсас өсімдігі бар тағы үш қап табылды. Сонымен қатар гараж бен қорада қабырға бойымен осы өсімдіктің бұталары ілулі болды.
"Алынған заттардың жалпы салмағы 4,5 келіден асты, оның ішінде екі келіден астам кептірілген марихуана және 1 келі 708 грамм кептірілген қарасора бар", – деп хабарлады полиция.
Ұсталған адамның айтуынша, ол есірткіні өзі пайдалану үшін сақтаған.
Ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі ("Ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау") бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
Ұсталған адамға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!