- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысында үш...
Ақмола облысында үш жасар бала септикке құлаған: балабақша жайлы тың дерек шықты
Ақмола облысында үш жасар бала септик шұңқырына құлап кеткен балабақша жайлы тың деректер пайда болды. Жарты миллиард теңге жұмсалған балабақшаның бүгінгі жағдайын республикалық "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің директоры Ерлаз Жайықбаев жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1 шілдеде Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Төңкеріс стансасында салынып жатқан балабақшаның септигіне түсіп кеткен үш жасар бала қаза болды. Балабақшаның қазығы 2018 жылы қағылғанымен әлі де аяқтала қоймаған.
Шортанды аудандық құрылыс бөлімі мәліметінше, 140 орындық балабақша құрылысы үшін мердігер "Петрострой-Люкс" компаниясына бюджет қоржынынан 5 628 519 мың теңге бөлінген. Бүгінге дейін бұл қаржының бәрі игеріліп қойыпты. Балабақша құрылысы 2020 жылы-ақ аяқталуы тиіс болған.
"Жергілікті тұрғындар құрылыстың жүріп жатқанына қуанып, бақылап жүрген. Алайда жылдар жылжып жобаның аяқталу мерзімі аяқталғанымен құрылыс аяқталмады. Тапсырыс беруші істі сотқа беріпті. Бейбіт келісімнің шарты бойынша құрылысты салған компания былтыр 15 қыркүйекте жұмысты аяқтауға міндеттенген. Бұдан кейін тағы сот басталып, тапсырыс беруші жеңген. Бірақ ауыл тұрғындары үшін бұдан еш жақсылық болмапты. Мемлекеттік сатып алудың порталында да бұл жеткізуші компания тізімде жоқ болып шықты. Тіпті биылғы жылы еш кедергісіз Қарағанды облысының аумағында бірнеше миллиондаған қаражатты ғимаратты сала бастаған. Балабақшада бала қаза болғаннан кейін кіретін тұста қоршау қойылған болды. Бұл қауіпсіздіктің орнына балаларды одан сайын тарта түседі. Аумақтың басқа жеріндегі ашық-шашық жатқан жерлерді ұмыт қалдырған сияқты", - дейді "Әділдік жолы" РҚБ директоры Ерлаз Жайықбаев.
Шортанды аудандық құрылыс бөлімінің басшылығы мердігер жұмысты аяқтауға бүгіннен бастап кірісетінін мәлімдеген.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 3 жасар бала шұңқырдағы суға батып кеткені хабарланған еді.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz