- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысында тұтас...
Ақмола облысында тұтас ауыл қар құрсауында қалды
Ақмола облысы Новокиенка ауылы қар құрсауында қалды. Тұтас ауыл апта бойы сыртқы әлеммен еш байланыс орната алмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Омбы қар басып қалған ауылдан аудан орталығына жетудің өзі мұңға айналған. Ауыл тұрғындары аудан орталығына дейінгі жолды жөндеуі қажет компания бұл мәселеге назар аудармайтынын айтады.
"Міне, бірнеше күннен бері аудан орталығы Жақсыға бару үшін жолға шыға алмай отырмыз. Өйткені 2021 жылы жолымызды жөндеуге берілген тендерді Алматы қаласынан "Эксклюзив" ЖШС-і жеңіп алған. Мемлекет тарапынан бұл компания еш бақылауға алынбаған. Жолды қашан жапқысы келеді сонда жаба салады. Қарды аршыса биіктігі 3 метр туннельмен ғана ашады. Сәл боран соқса, ол қайта жабылады. Боран ашылып, Қалмакөл-Жақсы арасындағы 856 шақырымнан 917 шақырымына дейінгі жолды жөнге келтіруге болатын еді. Міне, екі аптадан бері жол атымен жоқ. Бірнеше жыл бойы жолға жөндеу жүргізіліп жатыр. Бірақ жол түгілі ешқандай асфальт та жоқ. Жаз бойы тасжолсыз жермен жүреміз. Қыста қардан тазалау оларға тиімсіз сияқты. Сондықтан бірден жолды жабады. Бесінші күн жол аршылмай жатыр. Қазір жарты жолға дейін ғана тазартылған. Күн жылынса мүлдем жолсыз қалатынымыз анық. Жаңа серіктестік жолды қардан тазартқысы келмейтін сияқты. Бюджетті үнемдейтіні түсінікті. Үнемдегісі келсе жолды тездетіп жөндесін", - дейді Азамат Есеналин есімді ауыл тұрғыны.
Ал "Қазавтожол" ЖШС Ақмола облыстық филиалы өкілі бұл жолдың қазір күрделі жөндеуде екенін, сондықтан жылдам тазарту мүмкін болмай жатқанын мәлімдеді.
"Бұл Екатеринбург-Алматы тасжолының 856-913-шақырымындағы жол учаскесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарымен Uniserv ЖШС-і айналысып жатыр. Қатты боран болып, күн бұзылуынан бұл жол учаскесін тазарту мүмкін болмады. Қазір жол қозғалысы ашылды. Жолды аршып, кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді "Қазавтожол" компаниясы өкілі.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова