- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақмола облысында «Стрит...
Ақмола облысында «Стрит Воркаут» алаңдары көбеймек
Ақмола облысында инвесторлар көше гимнастикасы саналатын «Стрит Воркаут» алаңдарын көптеп ашуға ниеттi. Бұл туралы аймақ басшысы Сергей Кулагиннiң инвесторлармен өткен кездесуiнде айтылды, деп хабарлады Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы.
Кездесуде «Стрит Воркаут» жобасының таныстырылымы өттi.
Қазақстанның «Стрит Воркаут» федерациясының президентi Дамир Муминовтың айтуынша, Воркаут алаңы көше гимнастикасына арналған спорттық құрылғылардан тұрады. Мұнда жас спортшылар турникте тартылып, қоссырықта түрлi жаттығуларды жасай алады. Елiмiзде 2012 жылы пайда болған воркауттың уақыт өткен сайын танымалдығы арта түсуде.
Бүгiнгi таңда Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалалары мен Ақмола облысының Целиноград, Аршалы аудандарында осындай жобалар жүзеге асырылып отыр.
Осы ретте, аймақ басшысы аталған жобаға қолдау бiлдiрiп, Көкшетауда жүзеге асыру қажеттiгiн атап өттi.
«Бiз қазiр тұрғын үй аулаларын абаттандырудамыз. Онда бұқаралық спорт пен спорт алаңдарына зор көңiл бөлiнуде. Осы тұрғыда сiздердiң ұсыныстарыңыз қызықтырып отыр. Оны жүзеге асырудың жолдарын мiндеттi түрде қарастыратын боламыз», — деп атап өттi С. Кулагин.
Ал, «Стрит Воркаут» федерациясының президентi болса, Көкшетауда осындай екi жобаны бiрден жүзеге асыруға дайын екенiн айтуда.
T. Кіршібаев